ҰБТ-2023: Үміткерлерді қандай өзгерістер күтіп тұр?
Шығармашылыққа баратын оқушылар математика пәнінен тест тапсырмайды.
2023 жылы ҰБТ-да Қазақстан тарихы пәнінің сұрақтары беске көбейіп, керісінше оқу сауаттылығының сұрақтары азаяды, деп мәлімдеді ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев. Бұл туралы Joo.kz тікелей эфирінде айтылды.
“ҰБТ форматында бір ғана өзгеріс бар. Ол – информатика пәнінің қосылуы. Шығармашылыққа баратын оқушылар Қазақстан тарихы мен оқу сауаттылығы бойынша тест тапсырады. Былтыр қосымша математикалық сауаттылықтан тест тапсыруы мүмкін екені айтылды. Алайда осы екі пәнді ғана қалдыруды жөн көрдік. Ал басқа мамандықтарды таңдаған оқушылар бес пән бойынша ҰБТ тапсырады”, – деді Руслан Емелбаев.
Мұнымен қатар, ҰТО директоры оқу сауаттылығы бойынша берілетін мәтіндер көлемі қысқарғанын атап өтті. Бұған дейін төрт мәтін, оның біріншісі бойынша – екі сұрақ, екіншісі бойынша – төрт сұрақ, үшіншісі бойынша – алты сұрақ, соңғысы бойынша 8 сұрақ келетін.
“Қазіргі форматқа сәйкес бір оқушы төрт сағат ішінде бес пәннен ҰБТ тапсырады. Бір пәнге көбірек көңіл бөліп, қалғандарын көлеңкеде қалдыра алмаймыз. Сондықтан оқу сауаттылығын белгілі бір стандартқа келтірдік. Яғни үш мәтін беріледі және әрқайсысы бойынша 5 сұрақтан болады. Сұрақ саны көп болатын болса, мәтін де көлемдірек болуы керек болады. Ал бұл оқушылар үшін тиімсіз болуы мүмкін”, – деп қосты орталық басшысы.
Сондай-ақ, Руслан Емелбаев Қазақстан тарихы пәніне мән-мәтін енгізілгенін еске салды. Яғни Қазақстан тарихына оқу сауаттылығына тиесілі 5 сұрақ қосылса да, мәтінге талдау жасау идеясы сақталады.
“Бірақ Қазақстан тарихында мәтін белгілі бір тарихи тұлғаға қатысты болады. Қазақстан тарихында 10 дәстүрлі сұрақ болады, екі мәтіннің әрқайсысы 5 сұрақтан тұрады. Сонда жалпы жиырма сұрақ”, – деп түсіндірді Руслан Емелбаев.