Хабар

Аймағамбетов: Енді грант иелену үшін ҰБТ-ны екі мәрте тапсыруға болады

Министрдің айтуынша, бұл шара эмоционалды күйзеліс деңгейін төмендетеді.

Биылдан бастап мектеп түлектері ҰБТ сынағын екі мәрте тапсыра алады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2022 жылғы түлектерге жазған хатында хабарлады.

“Инстаграмда мені белгілеп, грантқа түсу үшін бір емес, екі рет ҰБТ тапсыру туралы өтініш жазып жүргендеріңізді білемін. Шешім қабылдау кезінде біз оқушылардың ұсынысын, қызығушылығын назардан шығармауға тырысамыз. Сол себепті осы жолы да сіздердің ұсыныстарыңыз бойынша шешім қабылдадық. Яғни енді сіздер екі рет ҰБТ тапсырып, грантқа түсуге мүмкіндік аласыздар. Бұл шара эмоционалды стресс деңгейін төмендететініне сеніміміз мол”, – деді Асхат Аймағамбетов.

Төменде министр хатының негізгі тұстарын ұсынамыз:

– Екі айдан кейін мектепті аяқтап, жаңа өмірге қадам басқалы отырсыздар. Мектеп қабырғасында жүргенде ұстаздарыңыз сіздерге білім мен тәрбиені қатар үйретті. Ата-аналарыңыз да үнемі кеңестерін айтып, дұрыс жол сілтеп отырды. Енді бойларыңызға сіңген осы қасиеттерді пайдаланып, өмірлеріңіздегі жауапты шешімді қабылдайсыздар. Әрине, сіздер үшін алғашқы маңызды емтиханның бірі – ол ҰБТ. Бірақ ҰБТ өмірдегі ең жеңіл, оңай сынақтың бірі екенін айтқым келеді.

Оқушылардың ҰБТ-дан қиындықсыз өтуі үшін қосымша шараларды қабылдадық.

ҰБТ-ны электронды форматқа көшіріп, оны барынша әділ еттік. Орнатылған камералар, прокторинг және трансляция жүйесі түлектерге кедергі келтірмеуі керек. Себебі бұл шара ҰБТ-ның әділ және ашық өтуі үшін енгізілді.
ҰБТ жылына бір рет емес, 4 рет өткізіледі. Бұл жұмысқа әріптестеріміз көп күш-жігер жұмсаса да, бірақ ол түлектердің күйзелісін азайтып, университетке түсуіне бірнеше мүмкіндік беретінін білеміз.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларға да арнайы жағдай жасалды. Биылдан бастап оларға тапсырмаларды орындау үшін қосымша 40 минут бөлінді. Сондай-ақ, тапсырмалар суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз берілді.
Енді тест тапсырушыларға калькуляторларды тұрақты түрде пайдалануға рұқсат етіледі.
Биыл сіздерге ҰБТ ұпайлары ғана емес, сонымен қатар, әр пән бойынша нәтижелердің тақырыптық талдауы беріледі. Бұл сіздердің әлсіз тұстарыңызды талдауға және білімдеріңізді жетілдіруге көмектеседі.
Президенттің қолдауының арқасында грантқа түсуге мүмкіндік артып отыр. Биыл қосымша 15 мың грант бөлініп, стипендия мөлшері 15% өсті.
Жақсы жаңалық та бар. Инстаграмда мені белгілеп, грантқа түсу үшін бір емес, екі рет ҰБТ тапсыру туралы өтініш жазып жүргендеріңізді білемін. Шешім қабылдау кезінде біз оқушылардың ұсынысын, қызығушылығын назардан шығармауға тырысамыз. Сол себепті осы жолы да сіздердің ұсыныстарыңыз бойынша шешім қабылдадық. Яғни енді сіздер екі рет ҰБТ тапсырып, грантқа түсуге мүмкіндік аласыздар. Бұл шара эмоционалды стресс деңгейін төмендететініне сеніміміз мол.

Қадірлі достар! “Қандай университетті таңдап, қайда оқыған дұрыс?” – деп те ойлап жүрген боларсыздар?

Осы ретте бірнеше кеңес беруді жөн санап отырмын:

ЖОО-ның жұмыс берушілер рейтингіндегі орнымен, кадр құрамымен, оқу жағдайларымен танысыңыз.
Қандай бағдарлама бойынша оқу жүргізілетінін қараңыз. Сондай-ақ, мамандықтардың атауы бірдей естіліп, бірақ мазмұны айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін. Сол себепті үздік әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, университеттердің барлық бағдарламасының тізілімін жасадық. Енді ол бәріне қолжетімді.
Университеттің беделін бағалаңыз. Қазір ЖОО-лар өз үлгісіндегі дипломдарды береді. Дегенмен университет беретін дипломның қағазынан бұрын, оның қандай маманды дайындап шығаратыны маңызға ие.
Университеттің аккредитациясына назар аударыңыз. Егер ол ең мықты аккредиттеу ұйымдарынан өтсе, онда сапаның болатынына сенуге болады.
Университетті таңдау кезінде сізді күмәнді арзан оқу немесе сабаққа қатыспау мүмкіндігі сияқты ойлар қызықтырмауы маңызды. Себебі жұмыс берушілер дипломды жарамсыз деп танып, қаражатыңыз бен уақытыңыз босқа шығын болуы мүмкін.
Қазақстандық ЖОО-ны таңдауға кеңес беремін. Біздің университеттердің сапасы көрші елдердің көптеген университетінен асып түсетінін сеніммен айта аламын.

Енді болашақ мамандықты таңдауға қатысты да айта кетейін. Жинаған балл көлеміне немесе басқа бір факторларға байланысты қабылданған шешім қате екенін есте сақтаңыз.

Оқу мен кәсіптің 3 түрі үлкен әлеуетке ие деп ойлаймын:

Жас мұғалім. Қазір бұл мамандық тұрақтылықтың кепіліне айналды. Елімізде жақсы мұғалімдерге сұраныс өте жоғары. Қазір жалақы да, даму мен мансаптық өсу мүмкіндіктеріне де жағдай жасалған. Сонымен қатар, осы бағытқа 9,5 мың грант бөлініп, ең жоғары стипендия тағайындалады, одан бөлек, жалақы жыл сайын 25% өсіп отырады.
Жас инженер. Мықты инженер болсаңыз, онда сіз кез келген жерде бәсекеге қабілетті боласыз. Өздеріңіз білетіндей, жүздеген жас қазақстандық Google, Amazon және әлемге әйгілі басқа да компанияларда жұмыс істейді.
Жас ғалым. Қазақстан ғылымы қарқынды дамып келеді. Отандық ғалымдар QazVac вакцинасын жасады. Сондай-ақ, жас ғалымдар бүкіл әлем бойынша ғылыми жарыстарда алдыңғы орындарда. Олардың жобаларына шетелдік компаниялар серіктестік ұсынып жүр. Одан бөлек, біз ғалымдарға барынша қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Атап айтқанда, ғылыми гранттар бөлу, шетелдік ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту және т.б. Сіздердің араларыңыздан да Сәтбаев ісін жалғастырушы мықты ғалым шығуы әбден мүмкін.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button