Хабар

Жанкүйерлер “Сарыарқа” хоккей клубының болашағына алаңдап отыр

Қарағандылық “Сарыарқа” хоккей клубының болашағы қоғамды алаңдатып отыр. Атақты хоккей клубының жанкүйерлері облыс әкіміне команданы Жоғары хоккей лигасына қайтару туралы өтініш білдірген қол жинады. Пандемияның алғашқы жылында қарағандылық “Сарыарқа” Жоғарғы лигадан уақытша бас тартқан болатын. Қазақстан хоккей федерациясының ұсынысы бойынша ел чемпионатына ауысқан еді. Бірақ, сол күйі аталған лигада өнер көрсетіп жатыр.

“Сарыарқа” хоккей клубының адал жанкүйерлері команда жайлы барлық ақпаратты жатқа біледі. ЖХЛ-дағы сегіз жыл ішінде “Сарыарқа” екі рет тұрақты чемпионаттың жеңімпазы, ЖХЛ-дың екі мәрте жеңімпазы және Братина Кубогы мен Петров Кубогының иегері атанды, бірқатар бірегей рекордтар орнатты. “Сарыарқа” бұл лигадағы ойындарына ең көп жанкүйер баратын клуб болғаны да белгілі. Алайда, 2020 жылы орнаған пандемия Қарағанды хоккейіне біршама өзгерістер әкелді.

“Пандемиядан кейін қаламыздағы хоккей деңгейі төмендеді. Жанкүйерлер ойынға келуді азайтты. Бұған дейін мүлдем басқа бәсекелестік, басқа ойын деңгейі болатын”, – дейді клуб жанкүйері Айдын Әлжанов.

Алдын-ала жоспар бойынша, қарағандылық ұжым жарыстан небәрі бір маусымға бас тартқан болатын. Бірақ, пандемия ұзаққа созылып, кейін толығымен аяқталса да, клуб бүгінге дейін Қазақстан чемпионатында өнер көрсетіп келеді. “Сарыарқа” ХК-ның спорттық шеберлігі мен әлеуеті, өткен үш маусымнан байқағандай, қалған 11 командадан едәуір жоғары.

Жанкүйерлердің сөзінше, одан әрі өсу үшін спортшыларға лайық бәсекелестер болу керек. Мәселе қазіргі таңда клубта жоқ қаржыландыруға негізделген. Жанкүйерлер команда жаңа спорттық шыңды, яғни 2022 жылдың күзінде Ұлыбританияда топтық кезең өткізілген Континентальды кубокты бағындыру мүмкіндігін жіберіп алғанын айтады. Ол кезде қаржыландырудың жоқтығынан команда турнирге бара алмады.

“Қаржыландырудан аздығынан команданың хоккейшілері арзан ойын таяқтарымен ойнауға мәжбүр. Тіпті, алыс жақтарға автобуспен барып-келіп жүр”, – дейді клуб жанкүйкрі Айдын Әлжанов

Бұл хатқа 450 жанкүйер қол қойды. Олар Сарыарқа туралы ұмытып кеткенін және мәселені шешу шенеуніктердің билігінде екеніне сенімді. Шынында да, 2020 жылдың тамызында Қазақстан хоккей Федерациясынан күрделі эпидемиялық жағдайға байланысты қазақстандық клубтар Жоғары хоккей лигасына қатысуды бір маусымға тоқтатады деген шешіммен хат келді. Сол кезде клубтың басты міндеті – ойыншыларды келесі маусымда Жоғары лигада өнер көрсетуі үшін сақтап қалу екендігі айтылды. Алайда, 2020 жылдың желтоқсан айында спорт клубтары үшін жағымсыз жаңалық келді. Онда Мәжіліс депутаттары дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша түзетулерді мақұлдап, кәсіби спорт клубтары үшін бөлінетін ақшаны жартысына дейін қысқартуды қарастырды.

“Бүгінде Мемлекет басшысы кәсіби клубтарды бюджеттен қаржыландыруды қысқарту жөнінде міндет қойып, ол 1 миллиард 200 миллион теңге мөлшерінде айқындалды. Бұл ЖХЛ-на қатысу үшін жеткіліксіз. Қарағандылық ұжым ЖХЛ-на қатысуға өтініш бере алады. Алайда, тек бюджеттен тыс қаражат болған жағдайда ғана”, – дейді Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Наталья Темірбаева.

Қазақстанда жүзге тарта кәсіби спорт клубтары жұмыс істейді. Олардың 2020 жылға арналған жылдық бюджеті – 55,5 миллиард теңге. Қысқартылған бюджеттің бір бөлігі бұқаралық спортқа жіберілді, балалар мен жасөспірімдер спорт клубтарының санын 2025 жылға дейін үш есеге арттыру жоспарлануда.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button