Хабар

Қарағанды облысында балаларға арналған тегін секциялар мен үйірмелер мәселесі шешілді

Қарағанды облысында 2021 жылға арналған аймақ бюджетін нақтылау кезінде мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарға қаражат бөлінді. Бұл жайында облыстық мәслихат депутаттарының онлайн режимінде өткен жиынында айтылды.

“Бөлуге ұсынылатын қосымша қаражат көздері аудандар мен қалалар бюджетінің кіріс бөлігін, жергілікті атқарушы органдардың резервін күтілетін асыра орындау, мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша үнемдеу, трансферттерді қайтару есебінен қалыптасты. Қаражат әлеуметтік салаға, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға, даму бюджетіне бағытталды”, – деп баяндады қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина.

Ол мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды қаржыландыру қарастырылғанын хабарлады. Балалар қызығушылықтары бойынша секциялар мен үйірмелерге тегін қатыса алады.

Тағы бір маңызды мәселе – балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету: мектептерде турникеттер, бейнебақылау жүйелері мен дабыл түймелері орнатылады.

Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, спорт және мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту және жөндеу жұмыстарын қосымша қаржыландырады. Мүгедек адамдарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатып алынатын оңалту құралдарының, шипажай-курорттық жолдамалардың құнын бюджеттен өтейтін болады.

Соманың бір бөлігі инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Бұл су құбыры желілерін қайта жаңарту, автожолдар мен көпірлерді жөндеу, жылумен жабдықтау желілері мен әлеуметтік нысандарды салу. Саран қаласын дамыту бойынша жобалар қаржыландырылды.

Сондай-ақ, ауыл әкімдерін сайлауды ұйымдастыруға қаражат қарастырылған.

“Біз өңірдің дамуы үшін маңызды бастамалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды жалғастырамыз. Маңызды блок – бұл инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымын дамыту. Өздеріңіз білетіндей, биыл ең аз дегенде 660 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл 2020 жылға қарағанда ширек есе көп, тұрғын үй қоры 7 000 пәтерге ұлғайтылады. Тиісінше, инженерлік коммуникацияларды жүргізу қажет. Бұл мәселе шешілетін болады”, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. – Қарағандыда жылумен жабдықтаудың магистральдық желілерінің, Шахтинск қаласында қазандықтың құрылысын жалғастырамыз. Балқашта жылу желілерін қайта құруды бастаймыз.

Облыста «Бизнестің жол картасы – 2025», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары бойынша кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жалғастырылады. Бұл жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button