Хабар

Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысының өнеркәсіп кәсіпорындарын тексеруді тапсырды

Онлайн режимінде өткен аппараттық кеңеске қатысушылар “Абай” шахтасында қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Шахтадағы жұмыстар апаттың мән-жайы толық анықталғанға дейін тоқтатылды. Қазір “АрселорМиттал Теміртау” АҚ-ның барлық сегіз шахтасында тексеру жүріп жатыр.

Облыс басшысы Жеңіс Қасымбек қалалар мен аудандар әкімдеріне облыстың барлық өнеркәсіптік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін жаппай тексеру жүргізуді тапсырды. Бұл мәселеге барынша жауапты қарап, немқұрайлылыққа жол бермеу керектігін қадап айтты.

Еске сала кетейік, кеше “Абай” шахтасында кенеттен метан тарады. Алты шахтёр қайтыс болды, екеуі ауруханада жатыр. Жеңіс Маралбаевты жансақтау бөлімінен бөлімше палатасына ауыстырды, Элайдын Зейналовты да палатаға ауыстыруға дайындауда.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында.

“Облыс әкімдігінің атынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Кеше біз марқұмдардың отбасыларына бардық. Осы қиын-қыстау күндерде облыстың барлық тұрғындары сіздермен қайғы-қасіретті бөліседі”, – деді Жеңіс Қасымбек.

Күні кеше ҚР ТЖМ басшысы Юрий Ильин БАҚ өкілдеріне арналған брифингте апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Көз жұмған 6 кенші метан газы тараған кезде құтқару құралын киіп үлгермей қалған. Министр шахтада көз жұмған кеншілердің отбасыларына 10 жылдық жалақы берілетінін, сондай-ақ несиелерін жабу, баспана беру, студент балаларының оқуын төлеу мәселелері пысықталатынын жеткізді.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button