Хабар

Мектеп оқушылары бір жылда 192 күн демалады

Жаңа оқу жылы 36 аптаға созылады.

2022-2023 оқу жылы 36 аптаға созылып, 31 мамырда аяқталады. Жаздың бірінші күнінен бастап оқушылар дәстүрлі демалысқа шығады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов үкімет отырысында хабарлады.

“Бір оқу жылында балаларға каникулға 4 рет шығу мүмкіндігін қарастырдық. Оған қоса демалыс және мереке күндерін ескергенде оқушылар барлығы 192 күн демалып, тек 173 күн оқиды”, – деді министр.

Асхат Аймағамбетов бұл мәселе бірнеше кешенді проблеманы шешетінін атап өтті. Айтуынша, бүгінгі күні бес күндік оқу форматына көше алмай жүрген 1,5 млн бала бес күндік форматқа көшеді. Яғни, бұл балалар үшін қосымша 36 демалыс күні пайда болады. Бұл күндерді балалар ата-аналарымен, басқа секциялар мен демалыс саябақтарына баруға жұмсауға мүмкіндік алып отыр. Сонымен қатар 300 мың мұғалімнің 150 мыңы 36 сенбінің демалыс күні болуына байланысты демалады.

“Екіншіден, биылғы жылы жүзден астам мектептің үш ауысымға өту қаупі болған. Қабылданған шешімге байланысты осы мектептер екі ауысымда оқуын жалғастырады. Үшіншіден, 1,5 миллионнан астам бала екінші ауысымда оқиды. Енді осы шешім бойынша кабинеттер де аздап босатылады. Соның арқасында екінші ауысымда оқып жүрген 300 мыңнан астам бала бірінші ауысымға көшеді”, – деді министр.

Асхат Аймағамбетов 3,6 млн бала үшін оқу жүктемесі азаятынын, бірақ осы шешімдер білім сапасына әсер етпейтінін атап өтті.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button