Мәшһүр Жүсіптің бір хаты
Қазақтың бірегей ойшылы, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, этнограф, тарихшы, ақын, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көрнекті өкілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының (1858-1931) бағалы мол мұрасы туралы ой-тұжырымдарды Ж.Аймауытовтың, М.Әуезовтің, Ә.Марғұланның, С.Мұқановтың, Б.Кенжебаевтың, Ә.Тәжібаевтың, М.Мағауиннің, С.Негимовтің, С.Дәуітұлының, Қуандық Жүсіптің еңбектерінен табамыз. Ал Мәшһүр Жүсіптің 20 томдық шығармалар жинағы 2018 жылы жарық көрді. Бұл еңбекте Мәшһүр Жүсіптің әр жылдарда жазған хаттары да бар. Ал мына Сәбит Мұқановқа жазған хаты оған енбеген. Бұл хат С.Мұқановтың жеке архивінде сақталған.
ХАТ. МӘШҺҮР ЖҮСІП – СӘБИТ МҰҚАНОВҚА. « … Гүл қадірін кім білер, бұлбұл білер, Қанбар қадірін Ғали мен Ділділ білер. Сөз қадірін сөйлеген ауыз білер, Шала-шарпы құлақтар дүмбіл білер.
Теміртайды өлең қылып сөйлеген Сәбит Мұқанов сен болсаң, бізге атаң кім, бабаң кім, «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» ма, болмаса түптеп тартып қозғап жүрген бір сілем бар ма? Сөзіңді таныдық, өзіңді таныт.
Ақында Ақмолда мен айт Ыбырайды, Сөздерін көкейкесті жұртқа жайды. Өзгесін бас ауыртпай жауып-ақ қой, Бай болмаған бай болса – бұлғар сайды.
Бұл Мәшһүрдің сөйлегеніне қырық-елу жыл болған. Өлеңдерінің ішінде айтылған сөздер:
Зар боп қалар кейбір күн бай бір пұлға, Үнемі қонып тұрмайды дүние қолға. Бақ пенен тақ, патшалық тиіп қалар, Ескерусіз есікте жүрген құлға.
Бір сөзінде:
Байлар-ау, жиған малың жанның қасы, Садақа беріп жүрсің – атаң басы. Байлардың қолындағы жиған мүлкі – Кем-кетік кедейлердің сыбағасы.
Міне бір сөзі:
Қозғайды бейнетқорды көтерме жиын, Өзгем өтірік болса да бұл сөзім шын. Өмірім қысқа болсын деп ойласаң, Қазаққа қамқорлық қып атыңа мін.
Бұл Мәшһүрдің өлеңін жаттап айтып жүрушілердің бәрі де өліп қалды.
Бұрынғы заманның ақындарының айтысқан өлеңі бар:
– Күдері қожа мен Ұлбике қыздың айтысқаны – жүз ауыз өлең.
– Ұлы жүз Үйсіннен шыққан Ұмсын қыз бен Заман қожаның айтысқаны – елу ауыз өлең.
– Қарақалпақтан шыққан Жәнкіл ақын мен Ұлбике қыздың айтысқаны – он ауыз өлең.
– Қаракесектен шыққан ақын Тоғжан қыз бен Сүйіндіктен шыққан Сақау ақынның айтысқаны – жетпіс тоғыз ауыз өлең.
– Қаракесек Қамбар Жанақ ақынмен Найман ақындары Сабырбай, Түбек айтысқаны – отыз жеті ауыз өлең.
– Атбасар уезіне қараған Бағаналы Балталы Найманда Опан деген ақын қыз бен Алтайдан шыққан бір ақын жігіт айтысқан – отыз жеті ауыз өлең.
– Керей Тұрдыбек ақыны болып жүрген Орымбай ақын мен Қаракесек ақыны боп жүрген Шортанбай қожаның айтысқаны – жиырма бес ауыз өлең.
– Мұса Секербай ақыны болып жүрген Күлік Жалшыбай ақынмен Найман Түбек ақын айтысқаны – отыз жеті ауыз өлең.
– Қаракесек ақыны мен Балта ақынмен соқыр Шөженің айтысқаны – жиырма бір ауыз өлең.
– Күлік Көтеш ақын мен Күнікей қыз айтысқаны – екі ауыз өлең.
Бұл Мәшһүрде өзі жазған бір шежіре кітап бар, әдебиет тарихы болуға толық, үлкендігі табақ қағазға табақ бойынша жазылған, ауырлығы қадақ жарым. Соның поштаға қалай салынуын және сыртына наложенный платеж деп, өздеріңнің адресің жазып жіберсеңдер, дереу салынады және менің жазуымды танып оқыр кісі болса.
Бұл Мәшһүр Юсұф сөзін бастырамын деп Торайғыров алып кетіп, аяқсыз шашылып һәр жерде қалған. Онан сұратып Тәшкенге алып барып бастырамын деп Уәлихан Омаров алып кетіп, о да аяқсыз қалдырған. Қызылорда баспаханада басында он екі азаматтың бірімін деп Зыяш Алдабергенов алып кетіп, о да аяқсыз қалдырған. Мәскеуде тұрамын деп Әлкей Марғұланов поштамен алдырып, о да аяқсыз қалдырған. Сонан соң бұл ауыз күйгендей боп, сөзін қолдан шығармайтын болған.
Осы күнде өзі жетпіс екі жаста отыр. Үш жүзден шыққан ақындардың, өрнекті хан, үлгілі билердің, батырлардың тарихы, әңгімесі өзінде түгел.
Мен сөз үйренетін кісі емеспін. Уәлихан Омаров пен Зыяш Алдабергеновтен Мәшһүр Юсұф сөзін қайда жібердіңдер, бары болса маған жіберіңдер, жоғы болса оны айтыңдар деп, екеуінің опаздығынан бір жауап алып берсең».
Копиясы дұрыс: (СМ).
Хаттың соңында мынадай аңдатпасы бар: «Р.S. Бұл хатқа Мәшһүр Юсұф қол қоймаған және қай уақытта жазылғанын көрсетпеген. Хаттың онікі екендігі, біріншіден, сыртқы адресінен, екіншіден почеркінен танылды. Хат 1931 жылы апрель айында алынды. С.Мұқанов. 5/У – 1952 ж.».
С.Мұқанов Мәшһүр Жүсіп туралы өзінің «Қазақ қауымы» атты еңбегінде: «…Табиғатында зерек Мәшһүр, дарынды ақын болудың үстіне, жас шағынан қазақтың ауыз әдебиетін, шежіресін көп жинаған. Мәшһүр шежіресінің өзге шежірелерден бір өзгешелігі, ол әрбір аталарды баяндағанда, сол аталардың өз тұсында болған оқиғалар туралы ел аузында қалған ертегі-аңыздарды қоса айтады. Сондықтан Мәшһүр жазған шежіре оқуға өте қызықты», деген.
Ал мына хаттың жазылуына бір себеп: С.Мұқанов «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты зерттеу еңбегін жазып, ол 1932 жылы кітап болып шыққан. Таптық көзқарастың салқыны сезіліп тұрса да, Алаш арыстары туралы талай құнды мәліметтер бар. Оған Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мұхтар, Бернияз, Сұлтанмахмұт, Ғұмар туралы жазғандарының бәрі кірген, тек Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіп жоқ. Шәкәрімнің 1931 жылы «Елсіздегі Саят қорадан» жазған жалғыз хаты сақталған. Бұл туралы «Шәкәрім қажының С.Мұқановқа жазған хаты» атты мақаламыз («Егемен Қазақстан», 22.04.2006 ж.) жарық көрген еді. Шәкәрім 1931 жылы «банды» деген жаламен оққа ұшты. Сол себепті мақала жазылмай қалғаны түсінікті. Ал Мәшһүр Жүсіп қолжазбаларының қалай қолды болғанын, алып кеткен адамдар қайтармағанын атап жазып отыр. Соған қарағанда, С.Мұқановқа да шығармаларының қысқаша тізімін ғана көрсетіп, қолжазбаларын жолдамаған. Мынау Сәбиттен алған хатқа қысқаша жауап іспетті. «Мәшһүр Юсұф сөзін қайда жібердіңдер» деп сұрау сал деп отыр. Осы себептен М.Жүсіп туралы мақала жазылмай қалған, кітапқа енбей қалған. Міне, бір хаттан тарқатылар ой ұшқындары осындай.
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,
Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты