Хабар

Мәшһүр Жүсіп һәм Наурызнама

Әулие ақын Мәшһүр Жүсіп бабамыз: «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама», деп жазып кеткен. Сол заманда көктемнің айшықты мерекесі қалай тойланған?

Мәшһүр Жүсіп Көпеев жайлы қандай да бір дерек қажет болса, ғаламторға үңілудің қажеті жоқ. Құнды ақпараттарды ұрпақтарының өз аузынан естігенге не жетсін?! Бүгінде Баянауыл ауданы, Жаңажол ауылы, Ескелді шатқалында ұлы ойшылдың кесенесі менмұндалап тұр. Сыр сақтаған жәдігер толы музей де сол жерде орын тепкен. Музейдің меңгерушісі, Мәшекеңнің шөбересі Әсет Пазылов Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жазбаларындағы Наурызнама жайлы деректерді әңгімелеп айтып берді.

Наурызнама – Наурыз мерекесінің бірнеше күн тойлануының айғағы. Көктемнің алғашқы айының 10-нан 16-на дейінгі аралығында аталып өткен. Ал Мәшһүр Жүсіп жиырма тоғыз жасында Ғабдолла хан өткізген наурызнама 8 күн тойланғанын жазады. Оған «Жиырма тоғыз жасымда Бұқари шәріпте Ғабдолла ханның Наурызнама тойының ішінде сегіз күн болдым» деген сөздері дәлел болмақ. Тағы бір жазбасында: «Үйсін Төле бидің заманында Наурызнаманың қадір құны астан, тойдан ілгері (жоғары) болған» деген дерек келтірген. Әдетте Наурызнаманы бай, ауқатты кiсiлер жасаған. Бiрақ әр шаңырақта тойлау да дәстүрге айналған. Жылдың алғашқы күнiнде қар жауса «ақша қар», жаңбыр жауса «нұр жауды» деп шаттанған. Наурызнаманың негізгі көркі жастар, ұйымдастырушысы ауқатты адамдар, берекесі ауыл ақсақалдары, ырзығы ақ дастарқан болған. Жастар алтыбақан құрып, тойдың сәнiн кiргiзедi. Ертедегi дәстүр бойынша Наурызнаманың сегiзiншi күнi «той тарқар» болады. Мұнда ат жарыс пен күрес ұйымдастырылып, сыйлықтар үлестіріледі. Мәшһүр Жүсіп шығармасына тағы бір көз жүгіртсек: «Дәл сегізінші күн мазаршәриф делінеді. Қожа Бәһуалдин әулиенің басындағы көлшікке қант төгіп, қант татыған суды жұрт жабыла ішіп, той тарқар болады», деп жазады.

Наурыздың Ұлыстың ұлы күні деп аталуы жайында ел арасында сақтал­ған аңыздар жетерлік. Аңыздың түбін­де әрдайым шындық жататынын ұмыт­пауымыз керек. Соның біріне тоқталып өтсек: «Бір күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте жердің бетін жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәт жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татады. Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрттың басына тоқтаған күн – күн мен түн теңелген сәтіне тура келген. Бұл Алланың шеберлігі деп таныған Пайғамбар сол күнді мерекелеуді, тілек тілеуді жөн көріпті. Мәшһүр Жүсіп: «Хазірет Нұх ғалайссаламның кемесі судан шығып, құрғаққа аяқ басқан күні Махырам айының оныншы күні екен. Сонан ол күн: «Ғашұр күні» аталып, Ғараб жұрты (иұрты) жыл басын «Махырам» деп санап Ғашыр күнін мейрам қылған себебі сол. Жұлдыз хысабында (хісебінде) хамалының бірінші күні болып, Ғыжым жұрты (иұрты) һиндистан хакімлері «Жаңа күн» деп атын «Наурыз» қойып, жыл басы деп санаған», деп араб жұртының болжамын келтіріп, Наурыздың жыл басы екенін тұспалдайды, – дейді Әсет Пазылов.

Мәшһүр Жүсіптің «Наурызнама» деген еңбегінде Наурызнаманың Баянаула төңірегінде тойланғаны да жазылған. Едіге би Баянауланың бауырында жүз кісі болып, Қызылтаудағы Сәті тасында отырған Мырзағұл баласы Сәті мырзаға барып, «наурызды қылдырамын» деп атқа мініпті. Сәті мырза үйде жоқ екен. Қансонар болған соң, бүркіт алып, аң аулауға шығып кеткен екен. Баяу деген бәйбішесі «Мырзаңыз ас-суды алып кеткен жоқ» деп, ас та төк, шаш та төк Наурызнама қылыпты. Баяу бәйбіше Едігеге: «Сіз бір жақтан бір жаққа бара жатқан жолаушы емессіз, әдейі Наурызнама қылдыра келдіңіз. Ұдайы сегіз күн қылмаған соң, мұны қылуға не сәндігі бар?» – деп сегіз күн күтіп сыйлап, бір күннен бір күнін асыра беріпті. Сәті мырза алдыр­ған түлкілерінің ішінде бір қара түлкісі бар, Наурызнаманың үстіне келіп қалыпты. Қара түлкіні алғанына бір қуанып, «Наурызнама қылдырамын» деп келген Едігенің ат басын бұрғанына екі қуанып: «Бұл Наурызнама Баяудікі болды. Мен ұрғашының Наурызнамасына ортақтаспаймын!» деп, Едігенің өзіне түйе бастатқан тоғыз, біріне түйе, біріне ат, жүз кісіден бір кісіні құр шығармай, ең аяғы атшыларға дейін бір-бір матадан үлестіріп: «Міне, менің Наурызым!» деп сый қылыпты.

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің тағы бір жазбасында: «Ол күні қожаларға оқытатұғын, Наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратұғын ол кітаптың атын «Салдама» дейді. Ол күнде тілі орамды, сөзге шешен шалдардың батасы болады. Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда, жұрт жылап, шулап: «Амин!» деп отырады. Сонан соң олардың айтқаны айтқандай келіп халық, жұрт ілгері басып, малы да өсіп, басы да өсіп берекелі болады. Мал сойып, Наурызнама қылуға шамасы келмейтін кедейлер жалғыз қой сойса да, наурыз күні бір қазан көжеге салып: «Ауылға татырамыз!» деп, басын сақтап қояды. Байлардың бәйбішелері ірімшік пен майдан жасап, қарын-қарын жент сақтайды. Қыстыгүні: «Бұл жентіңізді қашан бастаймыз, бізге қашан бастайсыз, бізге қашан татырасыз?» деушіге: «Шырақ­тарым, Самарқанның көк тасы жібігенде, бұл жент те өзі балқып, босайды. Сонда бастаймын! Осы күнде қайыршақтай қап-қатты пышақ өте ме?» деуші еді. Міне, мен осы жентті жасатып, дәл Наурыз деген күні бастатып көрген кісімін…», деген екен.

Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button