Көлік жүргізушілері қысқы доңғалағын салып алғаны жөн – ІІМ
Қылышын сүйретіп қыс келгенде қамданбай жүрудің соңы қайғы-қасіретке, өкініш пен опынуға алып келмей қоймайды. Оған – тәртіп сақшыларының жылдар бойғы жұмыс тәжірибесі куә. Елімізде тіркелетін жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі де енжарлардың кесірінен орын алатын көрінеді. Полиция қызметкерлері осы мәселе туралы жұртшылықты құлақтандырудай-ақ құлақтандырып жатқанымен, оқыс оқиғалар саны азаймай тұр. Сақтанбай жүріп сан соғып қалғандар көп. Сондықтан еліміздің Ішкі істер министрлігі ауа райының бұзылуына байланысты көлігінің доңғалағын қысқы шинаға ауыстыруы керегін ескертеді.
«Қыс мезгілі басталғанда көлік қозғалысы ерекше назар аударуды қажет етеді. Оның өз ережелері мен талаптары бар. Мәселен, заңнамаға сәйкес қысқы кезеңде (желтоқсан, қаңтар, ақпан) көліктерге жазғы доңғалақпен жүруге тыйым салынады. Қысқа арналған шина көлік құралының барлық доңғалағына орнатылуы керек», – деді ҚР ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек аталған ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, көлік жүргізушілері қысқы ауа райын ескере отырып, сапарды алдын ала жоспарлаған жөн.
«Төтенше жағдай қызметінің хабарламасына құлақ асқан абзал. Қолайсыз ауа райы жағдайында жолға шықпауға кеңес беріледі», – дейді ол.