“Күн сайын 10 адам қаза табады”. Жол апатының негізгі себептері қандай?
Ведомстволық деректерге сәйкес, тек өткен аптада ғана 200-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Жыл басынан бері жол апатынан 1 мыңнан астам адам қаза тауып, 8 мыңнан астам адам жарақат алды, деп хабарлады ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жандос Мұратәлиев.
“Күн сайын еліміздің жолдарында 10-ға жуық адам қаза тауып, 70-ке жуық адам түрлі дене жарақаттарын алады. Ведомстволық деректерге сәйкес, тек өткен аптада ғана 200-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда 50-ге жуық адам қаза тауып, 200-ден астам адам жарақат алған”, – деп атап өтті Жандос Мұратәлиев.
Ведомство өкілі кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қатысуымен болатын оқиғалар ерекше алаңдаушылық тудыратынын атап өтті. Айтуынша, жыл басынан бері 2 мыңға жуық бала түрлі жарақат алып, 90-нан астам адам қайтыс болған.
Жол апаттарын талдау барысында олардың негізгі себептері анықталған. Олар:
жылдамдық режимін асыру;
маневр жасау ережесін бұзу;
қарама-қарасы жүріс жолағына шығу;
аударылу;
жаяу жүргіншілерді басып кету.