Хабар

«ҚазАвтоЖол» жолдардағы қауіпсіздік деңгейін қалай арттырады?

Республикалық маңызы бар жолдардың ұлттық операторы трассалардағы қауіпсіздікті арттыру бойынша ауқымды жұмыстарды жалғастыруда. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның әр филиалы бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр.

Мәселен, үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларына жол бермеу үшін мал өткелдерін салу, ал олардың жолға шығып кетуін болдырмау үшін торлы қоршаулар орнату жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта республикалық трассаларда 280-нен астам мал өткелі және 850 км-ден астам торлы қоршау бар. Биылғы жол-құрылыс маусымында мал өткелдері саны 15-ке артса, қосымша 150 км-ден астам торлы қоршау орнату жоспарланып отыр.

“Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру үшін сапалы жол инфрақұрылымын жайластыру да маңызды. Жоғары интенсивті учаскелерде жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдері салынуда. Мәселен, биыл Түркістан облысында үш жаңа жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі пайдалануға берілді (“Алматы-Ташкент-Термез” А-2 тас жолында). Ерекше қажеттілі бар тұрғындарымызға жағдай жасалды. Әрбір жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінде ерекше қажеттілігі бар тұрғындарымыз үшін пандустар мен көтергіштер орнатылды. Соңғы үш жылда тек Түркістан облысының өзінде алты жаяу жүргіншілер өткелі салынып, қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін Алматы облысы бойынша “Алматы-Бішкек” тас жолында жаңа бес жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі пайдалануға берілмек”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, бірқатар аймақтарда торлы қоршаудың аналогы болып табылатын “электр-бағбан” орнатылды. Бұл құрылғымен 45 шақырым республикалық маңыздағы трасса қамтылды. Ал Биыл “Ақтау-Жетібай-Жаңаөзен” тас жолының 126 шақырымында “электр-бағбан” үлгісіндегі құрылғылар орнату жоспарланып отыр. Айтып өткен жөн, 12 вольтты “электр-бағбан” жануарларға қауіп төндірмейді.

Сондай-ақ кешенді бағдарлама аясында республикалық трассаларда 10 мың жол белгілері орнатылып, ауыстырылады. Оның ішінде “мал айдау” және “жабайы жануарлар” жол белгілері де бар. Бұдан басқа, республикалық маңызы бар 10 мың шақырымнан астам жолда жол таңбалары жаңартылды. Ал жыл соңына дейін тағы 20 мың шақырым жолда таңбаларды жаңарту жоспарлануда.

Ел тұрғындары республикалық маңызы бар жолдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру бойынша “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ-ның бірыңғай тәулік бойы жұмыс жасайтын 1403 колл-орталығына жүгіне алады.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button