Хабар

Қазақстан «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін

Бұл туралы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Судың да сұрауы бар». Оны неғұрлым көп тұтынсаң, соғұрлым көп ақша төлейсің. Бұл – жұртты үнемшіл болуға үйрететін әділетті және қарапайым ұстаным. Дамыған елдердің тұрғындары әр нәрсенің қадірін біледі. Үнемшілдік олардың өмір салтына айналған. Тіпті, су мен жылуды ысырап етпеуді балаларға жастайынан үйретеді. Біздің азаматтарымыз да осындай үнемшіл болуы керек. Әсіресе, суды үнемдеп тұтынуымыз керек, – дейді Мемлекет басшысы.

Тоқаев су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып келе жатқанын еске салды. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады.

Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру. Бұл – ауылдағы ағайын ғана емес, қала халқы үшін де өте өзекті мәселе. Ірі шаһарлардың инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан сұранысқа жауап бере алмай отыр, – деп айтты Президент кеңесте.

Мемлекет басшысы елордадағы су тапшылығының себебін атады.

Тіпті, Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Басты себептің бірі – құрылыстың көбеюі. Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз, – деді ол.

Еске сала кетейік, Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өтуде. Кеңес барысында Мемлекет басшысы еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құру керек екенін айтты.

Сонымен қатар, Тоқаев табысты елде тауып, шетелге шашатындар туралы айтқан болатын.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button