Хабар

Еңбек министрі әйелдердің зейнетке ерте шығуына қатысты пікір білдірді

Сенаттың жалпы отырысында депутаттар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінен Тамара Дүйсеновадан әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендетуге қатысты сұрақ қойды.

«Президент Қазақстан халқына Жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакетін ұсынды. Оның бірі – 2028 жылға дейін әйелдердің зейнет жасын 61 жасқа дейін көтеруді тоқтата тұру. Бұл қадам Әлеуметтік кодексте көрініс тапты.

Коронавирус пандемиясының азаматтарымыздың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсерін ескеріп, осы шара қабылданғаны белгілі. 2029 жылдан бастап зейнет жасын ұлғайту жоспарланып отыр ма? Егер осылай болса, қандай жағдайда ерте зейнетке шығуға болады. 58 жастағы әйелдердің зейнетке шығуы туралы норманы қайтару қарастырыла ма?», – деп сұрады сенатор Жанболат Жөргенбаев палатаның жалпы отырысында Әлеуметтік кодекс жобасын талқылау кезінде.

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова келер жылдары денсаулық сақтау саласына қатысты ауқымды жоба іске асырылатынын айтты.

«Шынмен де, пандемияға байланысты азаматтарымыздың денсаулығы, өмір сүру ұзақтығына байланысты (заңға) өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне де өзгерістер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл қаңтардан бастап зейнет жасы 61 жас деп тоқтады. Алдағы 5 жылда денсаулық сақтау саласында үлкен ұлттық жоба жүргізілгелі жатыр. Оның негізгі мақсаты – ауылдарда медицинаны жақсарту, көпсалалы ауруханаларды көбейту, яғни мамандандырылған медициналық көмекті азаматтарға жеткізу, телемедицина, ерте скрининг сияқты мәселелерді қарастыру. Осы жұмыстардың нәтижесінде адамдардың өмір сүру жасы ұзарса, онда 2029 жылдан кейін қайта қаралады», – деді министр.

Сонымен қатар ол еліміздегі бұл жағдай дәл осылай қалса немесе керісінше нашарласа, онда зейнетке шығу жасы қайта қаралатынын жеткізді.

«Жалпы, зейнетке ерте шығу мәселесі қолданыстағы заңда бар. Егер ананың 5 баласы болса, ол 53 жаста зейнетке шыға алады. Семей ядролық полигоны аймағында тұрған азаматтарға қатысты нормалар ескерілген. Бұдан бөлек, зейнетақы қорларында зейнетақы активі болса, 55 жасында зейнетақы аннуитеті арқылы шығу қарастырылған. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыр жұмыс істейтен азаматтардың зейнет жасын, зейнетақысын қарастыру жөніндегі мәселесін тиісті жұмыс тобы атқарып жатыр. Жақында бұл жөнінде тұжырымдамамызды береміз», – деді ведомство басшысы.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button