Хабар

Биыл Құрбан айт мерекесі 20-22 шілде күндері өтеді. ҚМДБ онлайн және офлайн құрбан шалу тәртібін түсіндірді

Белгілі бір себеппен өзі барып құрбандық шала алмайтын азаматтар бұл істі сенімді уәкіліне табыстай алады, деп жазады informburo.kz.

2021 жылы Құрбан айт мерекесі 20-22 шілдеге тура келіп тұр. Осы орайда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы құрбан шалу рәсімін өткізу тәртібін түсіндірді.

1. Биыл құрбандық шалу рәсімі екі жолмен жүзеге асады:

жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып құрбандық шалу рәсімін офлайн – дәстүрлі жолмен ұйымдастыру;
пандемияны ескеріп құрбан шалу рәсімін шариғаттағы “өкілдік” қағидасына сәйкес www.qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимде жүзеге асыру.

Жобаның мақсаты – халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу. Сондай-ақ, құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин жағдайында оңтайлы жол ұсыну.

2. Шариғат бойынша, адам қайырымдылық жасау үшін өз атынан басқа кісіні уәкілі етіп тағайындай алады.

3. Ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратын әр адамның мұсылмандық міндетін атқаруына ҚМДБ тарапынан ешқандай шектеу жоқ.

4. Ханафи мәзһабында құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп (міндет).

Шариғат бойынша, “бай” деп мал-дүниесі нисап мөлшеріне жеткен адамды айтады. Нисап мөлшері – 40 қой (ешкі), 30 ірі қара, 5 түйе немесе қажеттілігінен артық 85 гр алтын (1 230 000 теңге) қаражат. Мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес.

5. Республика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін www.qurban2021.kz сайты арқылы биыл 20 шілде күні айт намазынан кейін өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтініштерін қабылдау, сараптау және құрбандық еттерін жеткізіп беру жұмыстарымен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері айналысады.

6. ҚМДБ қаржыға араласпайды. Құрбандыққа шалынатын түлік бағасы жергілікті нарық бағасымен көрсетіледі. Осы орайда еліміздің әр аймағындағы малдың бағасы әртүрлі екенін ескеру қажет. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында малдың бағасы бірдей болмауы мүмкін.

Тапсырыс берушіден түскен қаражат мал иесіне, яғни сатушыға тікелей беріледі. Көрсетілген сомаға қасапшының қызметі ғана кіреді. Ал құрбандық етін бөлшектеп, мұқтаж жандарға тарату сынды барлық ұйымдастыру жұмысы ҚМДБ мешіт жамағаты мен еріктілердің көмегі арқылы тегін жүзеге асады.

7. Сайт арқылы тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Сауд Арабиясы, Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекетінде бұрыннан қалыптасқан жүйе. Бұл жыл сайын игі дәстүрге айналған. Жобаның басты ерекшелігі – құрбандық етін түгелдей мұқтаж азаматтарға тарату.

8. Аталған жоба санитарлық талаптарды ескере отырып, халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауды көздейді. Сонымен қатар, жоба мақсаты – көмекке аса зәру азаматтарды қолдап, оларға ұлық мейрамда қуаныш сыйлау, аз да болса, қайғы-мұңын сейілту.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button