Эйфель мұнарасын екі рет сатқан адам
ХХ ғасырдың ең атақты алаяқтарының бірі – Виктор Люстиг өте білімді, бес тіл білген адам болған. Ол сондай-ақ ерекше дарын иесі, адам психикасының тамаша білгірі еді. Виктор тарихта Эйфель мұнарасын екі рет сатқан адам ретінде қалды.
Ол әртүрлі алаяқтық жасап, және өзіне лақап аттарды оңай ойлап табатын. Люстиг өзінің “кәсібіне” қатты берілген еді. Ол әртүрлі елдерде 50 рет қамауға алынған. Алғашында қарапайым азаматтар мен банктерден ірі көлемде ақша алып, атақ-даңққа ие болған. Бірақ 1925 жылы ол бір емес екі рет Эйфель мұнрасын сату арқылы әлемді шулатты.
Алғашқы сату
1925 жылы Виктор Люстиг Эйфель мұнарасын сатып жібереді. Бұл ой оған қаланың басты көрікті жерлері жөндеуді қажет ететінін естіген бойда келген.
Люстиг пошта және телеграф министрінің орынбасары лауазымы ұсынған жалған сенімхаттарды пайдаланып, қара металдарды сату және сатып алу саласындағы негізгі тұлғалармен кездесуді ұсынатын бірнеше хаттар жібереді.
Кездесу қымбат қонақүйде өткен. Ұйымдастырушы Виктор Люстиг жиналғандарға Франция үкіметінің мұнараны бұзып, металл сынықтары ретінде сатуға шешім қабылдағанын хабарлайды. Мұнараның сақталуы мен жөндеуі мемлекетке қымбатқа түсетінін, осыған байланысты оны бұзу құқығына жасырын дауыс беру арқылы аукцион өтетінін айтып, жиналғандардың барлығын аукционға қатысуға шақырады.
Ол аукцион мен жаңалықтың басқалар үшін құпия екенін қайталап, париждіктер Эйфель мұнарасын қатты жақсы көргендіктен бұл ақпаратты білгенде, олар митингке шығып, аукцион сәтсіздікке ұшырау алдында тұрғанын айтады.
Андре Пуассон атты ауқатты адам аукционды “жеңіп” алады. Ал, алаяқ Виктор Люстиг қомақты ақшамен Венаға тайып тұрады. Абыройы ақшадан да маңызды болған Пуассон алаяқтың құрбаны болғанын бірден түсініп полицияға арызданбайды.
Екінші рет сату
Әрекеттері жазасыз қалған Люстиг біраз уақыттан кейін Парижге оралып, алдауын қайталайды. Мұнара қайта сатылады. Бірақ жәбірленуші бұл жолы алдағанын жасырмай, бірден полицияға хабарласқан. Виктор Люстиг Америкаға қашуға мәжбүр болады. Бірнеше жылдан кейін, 1935 жылы ол тұтқындалып, әйгілі Алькатрас түрмесінде 20 жылға сотталады.
Бірақ бірнеше жылдан кейін ол тағы да шенеуніктерді алдап кетеді. Әйгілі алаяқ 1947 жылы пневмониядан қайтыс болады.