Денсаулық мекемелеріне арыз-шағым көп
Қарағанды облысында баспана салудың бастырмалата жүргізіліп жатқанын бұрын да айтқанбыз. Бұл жағынан құрылыс саласына кінәрат арта алмайсың. Ал медицина саласында мәселе деген жетіп-артылады. Мәселен, ондағы сапасыз қызмет, басшылық тарапының қалыптасқан жағдайға қатысты немқұрайды көзқарасы тұрғындардың орынды өкпе-ренішін тудырып отыр. Сол сияқты өңірдегі жолаушылар тасымалында да толғағы жеткен мәселе бастан асады. Міне, осы мәселелерді шешу үшін іске жан бітіретін жаңашыл қадамдар керек болып тұр.
Пандемия Қарағанды облысындағы медицинаның жетістігі мен кемшілігін ашып көрсетті. Жетістігі деп дәрігерлер қауымының жанкешті еңбегін айтсақ, кемшілікке осы саладағы шенеуніктердің іске келгендегі тоңмойындығын жатқызуға болатын шығар…
Медицинадағы проблемалар және саланың болашақтағы дамуы жайында әңгіме көтерілген онлайн-жиында облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаевты қатаң сынға алғаны да тегін емес. Өңір басшысы бұл саладағы салдыр-салақтықтың, шаруаға деген қырсыздықтың дәрігерлердің ерен еңбегін, төккен терін жуып-шайып кететініне қынжылыс білдірді. Мәселен, бүгінде тұрғындар тарапынан медицина мекемелеріндегі қызмет көрсетудің сапасыздығын, тамақтанудың тым қарабайырлығын айтып дабыл қаққан арыз-шағымдар көптеп түсіп жатыр. Ал Тоқсамбаев басқаратын ведомство болса, бұл жағдайларға немқұрайды қарайтын сияқты.
– Пандемия кезінде алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер уақытпен санаспай еңбек етіп жатыр. Ал медицинадағы шенеуніктер болса, проблемаларды көрмейді немесе оған көз жұма қарайды. Сіздер тұрғындардың жазғанын оқымайсыздар деген пікір бар. Бұл мәселеде тәртіп орнатыңыздар, мердігерлермен жұмыс істеңіздер, мониторинг, талдау жасаңыздар, пациенттер арасында сауалдама жүргізіңіздер, – деп шегелеп айтқан өңір басшысы.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаевтың бұл сынды мойындамасқа амалы жоқ. Осы орайда ол пациенттерді қолдау қызметтерін қайта ұйымдастыру жоспары әзірленгенін алға тартты. Ол қызметтерді қадағалау құрамына қоғам өкілдері мен мәслихат депутаттары енетін бақылау кеңесіне бекітіліп берілмек екен.
Қазіргі таңда облыста ана мен бала өлімі мәселесі өткір күйінде тұр. Мәселен, былтыр жеті бірдей жүкті әйел коронавирус инфекциясынан қайтыс болған. Басқарма басшысы мұның себебін босандыру қызметі мамандарының тапшылығы мен біліктілігінің төмендігінен көреді. Сондай-ақ ол босандыру бөлімшелерінің жеткіліксіз тұрғыда жарақтандырылуы да бұл мәселеге себепкер екенін айтады.
Дегенмен, облыста медицинаның түйінді мәселелерінің біртіндеп шешім тауып келе жатқаны да рас. Алдағы уақытта ірі медициналық ұйымдар заманауи техникамен жабдықталады. Резидентурада дипломнан кейінгі білім алатын мамандар саны артып келеді: биыл «Ана мен баланы қорғау» бағыты бойынша 26 резидент шығарылмақ.
Кадр тапшылығына келгенде, аталған олқылықты жоюдың бірден-бір жолы – жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету. Бұл тұрғыда облыста ілгері жылжу бар. Мысалы, 2021 жылы жас мамандар 199 жайлы баспанаға ие болса, биыл оларға кем дегенде 200 пәтер беріледі.
Бұдан бөлек денсаулық сақтау саласында инфрақұрылымды жетілдіру аса маңызды міндеттердің бірі. Биыл 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы аяқталмақ. Облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогы да пайдалануға беріледі. Мұның өзі жасалатын оталар санын жылына бір мыңға арттыруға мүмкіндік береді. Қадамдық қолжетімділік негізінде бес емхана ашу жоспарда бар. Сонымен бірге «Қазақмыс» корпорациясымен арада Сәтбаев қаласында консультациялық-диагностикалық орталық салу туралы келісім де күшіне енген. Бұл бағыттағы игі жобалардан ауылдық жерлер де тыс қалмайды. Мысалы, биыл тағы төрт фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарда бар.