Хабар

Қарағанды облысында вирусты инфекция жұқтырғандар саны 40 мыңнан асты

Қарағанды облысының медицина ұйымдарына күн сайын жіті респираторлық вирустық инфекциясы (ЖРВИ) бар тұрғындардан 300-ге дейін өтініш келіп түседі. Олардың шамамен 60%-ы балалар.

Қарағанды облысының бас штаттан тыс эпидемиологы Аслан Теміров өңірдегі ағымдағы эпидемиология және тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу шаралары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтып берді.

«Ағымдағы эпидемиологиялық маусымның басынан бері облыста жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 43 645 жағдайы тіркелді. Облыста сырқаттанушылық өткен жылдың ұқсас кезеңінің деңгейінде қалып отыр. Тұмаудың зертханалық расталған 46 жағдайы тіркелді, оның ішінде 14-15 жасқа дейінгі балалар арасында. 4 % өсу үрдісі байқалады», – деді Аслан Теміров.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, биыл тұмау вирусының үш штаммы өзекті болады – H1N1, H3N2 және В тобы.

Қарағанды облысында Ресейде өндірілетін «Гриппол плюс» препаратының 210 мың дозасы сатып алынды. Бұл өңір халқының жалпы санының 15%-ын вакцинамен қамтуға мүмкіндік береді. ДДҰ ұсынысына сай халықтың кемінде 10% қамтылуы тиіс.

Бірінші кезекте халықтың осал топтары – медицина қызметкерлері, балалар және т. б. вакциналауға жатады. Қазан айының басынан бастап облыста 139 мыңнан астам адам егілді. Вакцинациядан кейінгі асқынулар тіркелген жоқ.

Коронавирус инфекциясына келетін болсақ, бүгінде аймақта аурудың жекелеген жағдайлары тіркелген. Ауыр науқастар жоқ.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Проверьте также
Close
Back to top button