Дәрігер: «Баланы жөргектеме», Әжем: «Жөргекте». Кімдікі дұрыс?
Баланы құндақтау немесе құндақтамау туралы сұрақ көптеген ананы ойлантады. Бұрынырақта сырғытпа (ползунок) мен колготка тек өзі еңбектей бастаған балаларға ғана арнап шығарылатын. Ал қазір жаңа туған нәрестеге колготка да, комбинезон да бар. Ертедегі енелеріміз қолданған тәсілмен баланы жөргекке ораған дұрыс па әлде заман талабы деп балаға киім кигізіп, бос жатқызған жақсы ма?
Түркия мен Қытайда жүргізілген зерттеу бойынша ұзақ уақыт жөргекте оралып жатқан бала өкпе қабынуына (пневмония) ұшырауы ықтимал екен. Ғалымдар мұны тығыздап оралып, шалқасынан жатып ұйықтаған баланың тыныс алуы мен қан айналымы қиындауына байланысты деп түсіндіреді. Бірақ бұл мәселе бір ғана тәжірибемен шектелмейді, тереңінен зерттеуді қажет етеді.
Егер бала жамбас буыны дисплазиясы диагнозымен туса, мамандар оны орамай, бос жатқызуға кеңес береді.
Ал балалар психотерапеві М.Лютер бала емін-еркін қозғала алмағаннан кейін, дамуы кешеуілдейді деп түсіндіреді.
Ата-аналар өз тәжірибесі тұрғысынан мынаны айтады:
• Құндақталмаған бала ұйықтап жатып рефлекторлы түрде қол-аяғын қозғап қалса, ұзақ әрі тыныш ұйықтауына мүмкіндік болмайды.
• Бала жарық дүниеге шыққанға дейін 9 ай бойы құрсақта тар жерде жатады. Сондықтан ол әлі де өзін құрсақта жатқандай қауіпсіз әрі жайлы сезінеді. Осылай жаңа өмірге тез үйренеді.
• Шала туған балаларда жылуды реттеу механизмі әлі толық дамымағандықтан, оларды құндақтап қойса, шақалақтың дене қызуы бірқалыпты күйді ұстап тұрады.
• Баланың тырнағы да тез өсетіндіктен ұйықтап жатып өзінің бетіне сызат түсіріп алуы мүмкін. Ал қолғап кигізіп қойсаңыз, ұйықтап жатқанда шешіліп қалу мүмкіндігі жоғары.
• Жөргектеліп жатқан бала өздігінен домалап, аунай да алмайды. Ал оралмаған бала төсектен құлап, өмірден озып кеткен жағдайлар да көп кездеседі.
• Тіпті асқазаны толық жетілмеген балаларда үш айға дейін болатын іш ауруын да осы жөргектеу арқылы жеңілдетуге болатыны дәлелденген.