Елжан Біртанов: “Бостандықта жүрсем, елге көбірек пайдам тиер еді”
Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов сотта өзін босатуды сұрады, деп жазады informburo.kz.
Аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталған бұрынғы Денсаулық сақтау минстрі Елжан Біртанов бүгінгі сот отырысында өзінің кінәсіз екенін айтты. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және соттан оны босатуын сұрады.
“Менің еш кінәм жоқ және өзіме тағылған айыппен келіспеймін. Құрметті судья, мені босатуыңызды сұраймын. Себебі, мен қазір қамауда отырғанымнан гөрі бостандықта жүрсем, эпидемиямен күресуде қоғамға көбірек пайдамды тигізер едім. Менің денсаулық сақтау, медицина саласында жиған көп жылдық тәжірибем жеткілікті. Сондықтан эпидемиямен қалай күресу керектігін білемін”, – деді Елжан Біртанов.
Бүгін экс-министрдің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Прокурорлар Елжан Біртановтың үй қамақ мерзімін мамыр айының соңына дейін ұзартуды сұрады. Олардың айтуынша, егер Біртанов бостандықта жүрсе, тергеуге қысым көрсетуі мүмкін.
Еске сала кетсек, былтыр жазда Президент жарлығымен Елжан Біртанов қызметінен босатылған болатын. Кейін, қараша айында оған аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалғаны мәлім болды. Ізінше, экс-министр үй қамаққа алынғаны айтылды.