Қазақстан мектептерінде соңғы қоңырау 25 мамырда соғылады
9 және 11 сынып түлектері үшін соңғы қоңырау 25 мамырда соғылады, салтанатты жиынды мектеп аумағында ашық ауада өткізу ұсынылды. Аттестаттарды тапсыру маусым айының ортасына жоспарланған. Ол сондай-ақ таза ауада офлайн режимінде өтуі керек.
Соңғы қоңырау рәсімі 25 мамырда санитарлық нормаларды сақтай отырып, өңірлердің бас санитарлық дәрігерлерімен келісім бойынша өткізіледі деп жоспарлануда. Соңғы қоңырауды өткізу форматы туралы шешімді әр мектеп өз бетінше қабылдайды.
Соңғы қоңырау шарасын 9 бен 11 сынып оқушыларына, санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, ашық алаңда өткізуге рұқсат беріліп отыр. Бұл оқушылар үшінші тоқсаннан бастап, негізінен, дәстүрлі форматта оқып жатқанын білесіздер, – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Қорытынды аттестаттау аяқталған соң 12–14 маусым аралығында мектеп түлектері үшін ашық алаңда мектеп бітіру кештері ұйымдастырылады. Салтанатты іс-шара барысында орта білім туралы аттестаттар табыс етіледі. Оқушылар саны аз мектептер бітіру кешін барлық сынып үшін бір уақытта өткізе алады. Егер мектептегі түлектер саны көп болса, салтанатты шараны әр түрлі күндерде өткізу ұсынылады.
Мектеп бітіру кеші – орта білім туралы құжатты табыстауға арналған дәстүрлі іс-шара. Оны ұйымдастыру кезінде санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтау қажет. Сонымен бірге маска тағу режимін, қатысушылар арасында кемінде 1–1,5 метр қашықтықты қатаң сақтауды және ата-аналардың немесе заңды өкілдердің біреуінің ғана қатысуын қамтамасыз ету керек, – деді Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.
2020–2021 оқу жылында 3,4 млн астам оқушы мектептерде білім алды. Олардың 150 мыңға жуығы 11 (12) сыныпты аяқтайды.
ҚР Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша