Қарағандыда «Күнгей» тұрғындары үшін мектеп салына бастады
Қарағанды қаласының халық көп қоныстанған «Күнгей» шағынауданында 600 орындық мектеп құрылысы басталды. Білім ордасының ашылуы 2024 жылдың 1 қыркүйегіне жоспарланған.
Мектептің салынуын жергілікті тұрғындар көптен бері сұрап келеді. Себебі оқушылар қатынап оқып келген.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өзекті мәселелері қордаланған «Күнгей» тұрғындарымен кездесті. Бастамашыл топ өкілдері бірінші кезекте шешілуі тиіс түйіткілдерді атады.
«Күнгей» шағынауданында жолдарды жөндеу жалғасады, жұмыстар жасалатын учаскелер тұрғындармен келісім бойынша таңдалады. Көлік мәселесі де шешілуде. Тұрғындардың өтінішімен 16-маршрутқа үшінші автобус қосылды, қозғалыс схемасы өзгерді. Ермағанбет Бөлекпаев қала әкіміне жақын арада «Күнгейдің» шалғай аудандарын қамту үшін екінші бағыт ашуды тапсырды.
Көшелерді жарықтандыру да өзекті мәселе. Жұмыстар биыл басталады.
«Мен «Күнгейде» он жылдай тұрамын. Мектептің салына бастағанына өте қуаныштымыз. Бұл көптен бергі өтінішіміз. Біздің шағынауданға назар аударды, тұрғындардың өтініштеріне құлақ түрілді. Бірақ әлі де көптеген проблемалар бар: жолдардан бастап қаңғыбас иттерге дейін. Мен көшелерде жарық орнатуын сұраймын. Билік бұған көмектеседі деп сенеміз», – дейді Назгүл Терлікбаева.
Болашақта тұрғындардың өтініші бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарлануда.
«Биліктің өтінішімізге құлақ асқанын көріп отырмыз. Көтерген мәселелеріміз шешіле бастады. Шағынауданда қалыпты жолдар болған жоқ, қазір асфальт төселді. Электр желісі тартылды. Мектеп құрылысының басталуы – біз үшін үлкен қуаныш. Біздің шағынауданда 15 мыңға жуық адам тұрады, балалар өте көп», – деді бастамашыл топтың өкілі Ұлан Жұмабеков.