Қарағанды облысында 7 ЖЭО-да ауқымды жөндеу жүргізіледі
Жаңа жылыту маусымының алдында Қарағанды облысында 7 ЖЭО-да ауқымды жөндеу жүргізіледі.
«Жаңа жылыту маусымының алдында Қарағанды облысында 7 жылу-электр орталығында ауқымды жөндеу науқаны өтеді. 45 қазандық пен 29 турбинаны жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ өңірде 88 км жылумен жабдықтау желілері мен 1937 км электр желілері ауыстырылады», – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Ермағанбет Бөлекпаев тұрғын үйлерді сапалы және үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жайлы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтып берді.
Биыл Теміртауда 29 шақырым жылу құбырын ауыстыру жоспарлануда. ЖЭО-2-де жабдықтарды ағымдағы жөндеу және қалаға қажетті жетінші қазандықтың құрылысы жүріп жатыр.
«Өткен жыл Теміртау тұрғындары үшін өте қиын болды. Қала бойынша 29 км жылу желілерін жөндеу жоспарлануда.»АрселорМиттал Теміртау«компаниясына тиесілі ЖЭО-2 жұмысына шағым түсіп жатыр. Қазіргі уақытта станцияда қазандықтарды жөндеу науқаны және жаңа – 7-інші қазандықтың құрылысы жүріп жатыр. Бұл ретте біз өз тарапымыздан жұмыстардың тиісті мерзімде аяқталуы үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағандыда тұрғын үй құрылысының белсенді болуына байланысты жылу тапшылығы байқалады. Бұл мәселені шешу үшін облыс орталығында үшінші жылу құбырының құрылысы жалғасып жатыр. Бұл жаңа шағын аудандарды сапалы жылумен қамтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. 2025 жылға қарай билік облыс тұрғындарын орталықтандырылған сумен 100% қамтуды жоспарлап отыр.