Қарағанды мұражайында суретші Райымқұл Есіркеевтің көрмесі ашылды
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында ҚазКСРО еңбек сіңірген өнер қайраткері Райымқұл Есіркеевтің 100 жылдығына арналған көрме өтуде. Ол еңбек адамына деген адалдық пен құрметке толы жерлестерінің көптеген портреттерімен танымал, деп жазады inform.kz.
«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығында Райымбек ағаның туғанына 100 жыл толуына арналған бұл көрме – оның шығармашылығын бағалау тәсілі. Суретшінің таланты өшпейді, себебі ол әкесінен ұлдары мен немерелеріне беріліп, олардың шығармаларында жалғасын табуда. Есіркеевтер отбасы – шығармашылық әулет», – деп атап өтті көрменің ашылуында өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан.
Көрмеге 50-ге жуық жұмыс кіреді, олардың 20-сы суретшінің жеке шеберханасынан алынған дүниелер. Оларды Райымқұл Есіркеевтің ұлы Мейрам ұсынып отыр.
«Атам негізінен портрет жанрында және реализм стилінде сурет салған. Әдетте, ол натураға қарап отырып бейнені қағаз бетіне түсірген. Ол үшін кейіпкерлеріне ұқсас адамдарды іздеген. Мысалы, Әлия Молдағұлованың портреті туралы айтатын болсақ, ол оған ұқсас қызды тауып, ағаштан қару жасап, ал әжем кейіпкерге киім тіккен. Осылайша ҰОС-да аты аңызға айналған мергеннің образы жасалды. Менің әкем Мейрамның шеберханасында атамның 50-ге жуық жұмысы сақталған. Олардың ішінде аяқталған үлкен картиналар да, эскиздер де бар», – деді суретшінің немересі Әмен Есіркеев.
Райымқұл Есіркеев – суретші-кескіндемеші, Ұлы Отан соғысының ардагері, Суретшілер одағының Қарағанды облыстық ұйымын құрушылардың бірі. Ол негізінен пейзаж және портрет сияқты жанрларда жұмыс істеген. 1921 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. 1980 жылы суретші дүниеден озды.
Көрме 20 қыркүйекке дейін жалғасады.