Хабар

Қарағандыда заңсыз үй салған құрылыс компанияларының «қара тізімі» жасалды

Қарағандылықтарды заңсыз салынып жатқан тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алуда сақ болуға шақырады. Облыс орталығында жеті жаңа ғимарат бойынша жұмыс сот шешімімен тоқтатылды, тағы үшеуінің материалдар қаралып жатыр. Оның барлығы жобаның сараптамасынсыз салынған. Қазір үлескерлердің ақшасын тарта алмайтын құрылыс компанияларының «қара тізімі» жасалып жатыр, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы қандай тұрғын үй кешендері заңсыз салынып жатқанын хабарлады.

Бұл тізімге мына нысандар кірді:

– «Хан» ТК (Мұқанов көшесі, 19/2 уч.), құрылыс салушы – «Satti Lux Stroy» ЖШС;

– «Манхэттен» ТК (Тәттімбет көшесі, 10Б з/у), құрылыс салушы – «КапиталСтрой-XXI» ЖШС;

– «Al-Farabi» ТК (Мұқанов көшесі, 55/2), құрылыс салушы – «Turan Invest Development» ЖШС;

– «Томирис» ТК (067-ші есептік орам, 502-ші құрылыс), құрылыс салушы – «Тұрғын үй қоры» ЖШС;

– «Баспана-3» ТК (Мұқанов көшесі, 43/4), құрылыс салушы – «СМК Group» ЖШС;

– «Central Park» ТК (Мұқанов көшесі, 9/3-ші құрылыс), құрылыс салушы – «»МК Group«ЖШС;

– «Нұра» ТК (Мұқанов көшесі, 51,4 учаскесі), құрылыс салушы – «Satti Lux Stroy» ЖШС;

– КТҮ (Ержанов көшесі, 63/2), құрылыс салушы – «Revival alliance» ЖШС;

– КТҮ (Рысқұлов көшесі, 5/3), құрылыс салушы – С. А. Есенбаев;

– ТК (Университет көшесі, 28/19), құрылыс салушы – «Sadu group» ЖШС.

«Жалпы, біз салынып жатқан 60-қа жуық үйді бақылауда ұстап отырмыз. Мониторинг барысында хабарлау тәртібі бұзылған он тұрғын үй кешені анықталды. Заң бойынша әрбір құрылыс салушы бізге құрылыстың басталғанын хабарлауы керек. Бұл онлайн, электронды үкіметтің веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Бар мәселе негізінен сараптама қорытындысының жоқтығында. Яғни, олар авторлық және техникалық қадағалаусыз құрылыс жүргізіп жатыр. Үлескерлер үшін қауіп-қатер туындайды. Бірақ мораторийге байланысты шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізе алмаймыз», – деп түсіндірді мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сержан Аймақов.

Ол заңсыз салынған жаңа ғимараттардың ішінде тоғыз қабатты тұрғын үй кешендері бар екенін атап өтті.

Болашақта олар қабылдау актілерін ала алмайды. Сонымен қатар, үйді бұзу туралы сот ісін бастауға болады.

Құрылыс салушылар ҚР ӘҚБтК 314, 316, 321 және 463-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Бұдан басқа, заңда ӘҚБтК 320-бабы бойынша үлескерлерді заңсыз тартқаны үшін жауапкершілік көзделген. Әлеуметтік желідегі жарнама арқылы құқық бұзушыларды анықтаймыз, сосын сотқа беруге материал жинаймыз. Мәселен, 2022 жылы «OPTIMAL BUILD COMPANY» ЖШС «Третий оптимальный» ТК (Мамраев ш/а, 6/3 құрылысы) бойынша, «ProfInvest» ЖШС «Zaman 2» ТК (Бөкетов к-сі, 60а) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі таңда «Манхэттен» ТК бойынша «КапиталСтрой-XXI»«ЖШС (Тәттімбет көшесі, 10Б з/у), «Аспан» ТК бойынша «SAPA CITY» ЖШС-не (Карбышев көшесі, 5/3) хаттама жасалды. Бұл жұмысты жалғастырамыз», – деді Сержан Аймақов.

Құрылысшылардың «қара тізіміне» енген әрбір компания жарияланып отырады.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Проверьте также
Close
Back to top button