Хабар

Қарағанды облыстық қан орталығы донорларға зәру

Қарағанды облыстық қан орталығы қан банкісінің қорын толықтыруы керек. Облыс тұрғындарын қан мен иммундық плазма доноры болуға шақырады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты.

Бізге барлық түрдегі қан донорлары қажет. Донорлар 18 жастан асқан, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар бола алады. Ол дегеніміз жүректің, бүйректің, бауырдың созылмалы аурулары, бірде-бір органның болмауы немесе бұрын жұқпалы аурулар, соның ішінде гепатит, АИТВ-инфекциясы, мерез, туберкулез болмағандар. Донордың салмағы 55 келіден асуы керек. Қан тапсырғаны үшін ақшалай төлем мөлшері 0,25 АЕК құрайды (730 теңге). Донорға екі күн демалыс беріледі, – дейді Облыстық қан орталығы директорының орынбасары Ләззат Сабирова.

Сондай-ақ қан орталығы иммундық плазманың донорларына мұқтаж. COVID-19 таралуына байланысты аймақтың медициналық мекемелерінің иммундық плазмаға деген қажеттілігі артты. Ол коронавирустық инфекциясы бар науқастарды емдеу үшін өте қажет.

Ол үшін соңғы 4-5 айда орташа және ауыр коронавирусты жұқтырған 18 жастан асқан (жүктілігі жоқ) әйелдер мен ерлер иммундық плазма доноры бола алады. Иммундық плазманың доноры болғысы келетіндер жексенбіден басқа күндері күн сайын сағат 08:00-16:00 аралығында бізге хабарласа алады. Процедурадан бұрын біз алдымен донорлық тексеруді, консультацияны өткізіп, антиденелердің деңгейін анықтаймыз. Тексеріс тегін жүргізіледі. Егер антиденелердің деңгейі жақсы болса, онда біз донорға ыңғайлы уақытты тағайындаймыз және оны процедураға күтеміз. 600 мл иммундық плазма үшін ақшалай төлемнің мөлшері – 22 275 теңгені құрайды, – деп қосты Ләззат Сабирова.

Сондай-ақ антиденелердің қажетті деңгейі бар, COVID-19-қа қарсы вакцинацияланған облыс тұрғындары иммундық плазмаға қан тапсыра алады.

Қан орталығына келген кезде жеке куәліктің түпнұсқасы болуы керек. Плазмаға қан тапсыру процедурасы кем дегенде екі сағатты алады.

Келесі мекенжай бойынша антидене титрін анықтап, қан тапсыруға болады: Қарағанды қаласы, Кеншілер даңғылы, 81.

Анықтама телефондары: 50-30-33 (тіркеу), 50-79-09 (ішкі нөмірлер: 207, 250), 50-68-66.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button