Қазақстанда қай жастағы балаларға вакцина салынатыны айтылды
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов Қазақстанға Pfizer вакцинасы 8-14 қараша аралығында жеткізілетінін айтты. Вакцина 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге, сондай-ақ жүкті және бала емізетін әйелдерге қолжетімді болады, деп жазады Egemen.kz.
Коронавирусқа қарсы екпе 16-18 жастағыларға бірінші салынады.
Бұл туралы Қазақстанның бас мемлекеттік санитария дәрігері Ерлан Қиясов бекіткен нұсқаулықта айтылған.
«Бастапқы кезеңде коронавирусқа қарсы профилактикалық вакциналау 16 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерден басталады. Кейін (16 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерді вакциналау аяқталғаннан кейін) 15, 14, 13 және 12 жастағы жасөспірімдер екпе алады», – делінген.
Білім беру ұйымдарында (мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында және т.б.) оқитын жасөспірімдерді вакциналау оқу орны бойынша жүргізілуі мүмкін.
Вице-министр қазір өңірлермен тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Басқа вакциналар сияқты, Pfizer әр өңірге халық санына қарай бөлінеді. Қазақстанда коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасын 12 жастағы және одан ересек жасөспірімдер, жүкті әйелдер, бала емізетін әйелдер салдыра алады.
Қазақстанда жасөспірімдерді вакцинациялау ерікті түрде және олардың ата-анасы мен заңды өкілінің алдын ала келісімімен ғана жүргізілетінін ескеріңіз.
Еске салайық, 10 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы Pfizer/BioNTech вакцинасын Қазақстанға жеткізу жоспарлары туралы айтты. Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тарапынан 12-18 жас аралығындағы балаларға салуға рұқсат беріліп отырған вакцина – Pfizer.