Қазақстанда «Азаматтық бақылау – чек талап ет» акциясы басталды
«Азаматтық бақылау – чек талап ет» акциясына кез келген ниет білдіруші қатыса алады.
20 қазаннан бастап Қазақстанда «Азаматтық бақылау – чек талап ет» акциясы басталды. Мемлекеттік кірістер комитеті кассалық чекті бермеу немесе карта бойынша төлемді қабылдаудан бас тарту туралы ақпарат үшін сыйақы береді.
«Азаматтық бақылау – чек талап ет» акциясына кез келген ниет білдіруші қатыса алады. App Store және Play market-тен WIPON CASHBACK тегін мобильді қосымшасын жүктеу арқылы фискалды чекті бермеу немесе карта бойынша төлемді қабылдаудан бас тарту фактілері туралы хабарлауға болады. Бұзушылық фактісі расталған жағдайда хабарлама жөнелтуші телефон теңгеріміне ЖТС шегеріліп, 1 000 теңге көлемінде сыйақы алады.
Барлық жіберілген өтініштерді Мемлекеттік кірістер органдары қарайтын болады. Кәсіпкер туралы мәліметтерді сәйкестендіру үшін сатып алушы кәсіпкердің кассалық аймағында орналасқан QR-кодтан алынған ақпаратты сканерлей алады.
«Мемлекет басшысының өзін-өзі реттеу, қоғамдық бақылау құралдарын мораторий кезеңінде жандандыру туралы тапсырмаларына сәйкес, осы жылдың 20 қазанынан бастап «Азаматтық бақылау – чек талап ет» акциясы қайта басталды. Мемлекеттік кірістер комитеті еліміздің барлық азаматтарын өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіруге, заңды бұзуға нөлдік төзімділік танытуға және акцияға белсенді қатысуға шақырады», – делінген ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.