Жыл басынан бері 300 мыңға жуық қазақстандық психиатрға барған
2018 жылға дейін психиатрлар науқастарды тек психиатриялық ұйымдарда қабылдады. Қазір Қазақстанда 17 өңірлік психикалық денсаулық орталығы, қалалық емханалар құрылымында 82 бастапқы орталық, аудандық деңгейде 201 кабинет бар.
Осы жылдың тоғыз айы ішінде психикалық денсаулық кабинеттері мен бастапқы орталықтарға 297 464 қазақстандық жүгінді. Бұл туралы брифингте Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының міндетін атқарушы Қуаныш Алтынбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір елде 17 өңірлік психикалық денсаулық орталығы, қалалық емханалар құрылымында 82 бастапқы орталық, аудандық деңгейде 201 психикалық денсаулық кабинеті жұмыс істейді.
Айта кетері, 2018 жылға дейін психиатрлардың қабылдауы тек психиатриялық ұйымдарда жүзеге асырылды.
“2021 жылдың тоғыз айы ішінде психикалық денсаулық бастапқы орталықтарының көмегіне 297 464 адам жүгінді. Көріп отырғандай, халыққа көмек бұрынғыдан қолжетімді бола түсті. Бұл психикалық денсаулық саласында пациентке бағдарланған көмек көрсету моделінің дамуы”, – деді Алтынбеков.
Психикалық денсаулық ұйымдарында психикалық ауытқуы бар адамдарға 735 төсек-орынға арналған 16 күндізгі стационар жұмыс істейді.
“Балаларға көмек көрсетуді қолжетімді етуге көп көңіл бөлінеді. Соңғы бір жылда балалар үшін 65 төсек-орындық үш күндізгі стационар бөлімшесі, Қарағанды облысы мен Шымкентте ауысымда 20 адам қабылдайтын екі медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшесі ашылды, денсаулық сақтау ұйымдарында балалар психиатрларының саны 2017 жылы 65-тен 2021 жылы 97-ге дейін артты”, – деді спикер.
Биыл 124 дәрігер-психиатр резидентураны тәмамдап, денсаулық сақтау ұйымдарында жұмысқа кірісті. 2022 жылы 98 маман даярланып шықпақ.