Хабар

Жылқы мен құс неге құрбандыққа жарамайды? Құрбан шалушыға арналған 12 маңызды мәлімет

Биыл Құрбан айт 20-22 шілдеге тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстандықтар оның алғашқы күнінде демалады.

Құрбандық – мұсылман танымы бойынша Құдайдың разылығы үшін берілетін садақа, діни амал. Ханафи мәзһабында шамасы бар мұсылмандарға құрбан шалу – уәжіп. Осы орайда Informburo.kz Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе құрбан шалушылар білуі тиіс мәліметтерді жинақтап ұсынып отыр.

№1.Биылғы құрбан шалу рәсімінің жолдары

Коронавирус пандемиясына байланысты рәсім 2 жолмен ұйымдастырылады:

  • Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып құрбан шалу рәсімін дәстүрлі жолмен ұйымдастыру. Ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратындарға есік алдында құрбандық шалуға ҚМДБ тарапынан ешқандай шектеу жоқ;

 

  • Құрбан шалу рәсімін шариғаттағы “өкілдік” қағидасына сәйкес www.qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимде жүзеге асыру. Онлайн құрбан шалу мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу, халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу, құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин жағдайында оңтайлы жол ұсыну. Карантин жағдайында қала тұрғындарына қашықтықтан өз атынан құрбан шалуға тапсырыс бере алады.

№.2 Құрбан шалушыға қойылатын талаптар

  • қасапханаға міндетті түрде маска тағып кіру;
  • антисептик пайдалану;
  • арақашықтықты қатаң сақтау, бір-бірімен амандаспау;
  • дене қызуы 37 градустан жоғары, тұмау және басқа да белгілері бар адамдарға келмеу;
  • жасы 65-тен асқан қариялардың, балалар мен әйелдердің құрбан шалатын орынға бармауы сұралады.

№3. Қасапшыға қойылатын талаптар

  • мұсылман болу;
  • кәмелетке толған, психикалық және физикалық сау болу;
  • мал союды жақсы меңгеру;
  • санитарлық талаптарды сақтау;
  • малды бауыздау алдында “Бисмилләһи Аллаһу Акбар” деп айту;
  • құрбан шалуға өкілдік берілмей малды бауыздамау;
  • пышақты малдың алдында қайрамау;
  • сойылатын жерге малды қинамай апару;
  • малды құбылаға қаратып сол жағымен жатқызу;
  • екі алдыңғы аяғы мен бір артқы аяғын қоса байлау;
  • пышақты тартып бірден өңеш, кеңірдек және екі күретамырын кесу;
  • малды өтпейтін пышақпен бауыздамау;
  • бір малдың көзінше басқа бір малды бауыздамау;
  • малдың қаны толық аққанын және жаны шыққанын күту;
  • жаны шықпастан терісін сыпырып алмау;
  • сойылған малдың терісі мен ішек-қарнын аяқ асты етпей барынша қолдану шарт.

№4. Қасапхана ғимараттарына қойылатын талаптар

  • қасапханаға келетін адамдардың дене қызуын өлшеп кіргізу;
  • қасапханаға антисептиктер мен маскалар қою;
  • қасапхана толымдылығын 30%-дан асырмау;
  • кемінде 1 метр арақашықтықты білдіретін сызықтарды сызып қою;
  • ақпарат тақтасына немесе қаббырғаға қажетті мәліметтерді іліп қою;
  • қауіпсіздік ережелерімен танысу;
  • мал соятын жердің таза болуы талап етіледі.

№5. Құрбандыққа жылқы мен құсты шалуға болмайды

Құрбандыққа жылқы мен құсты шалуға болмайды. Құран аятында құрбандыққа төрт мал түрі шалынатыны жазылған. Олар: түйе, сиыр және қой, ешкі. Бұл аятта бекітілген малдардан өзге, жылқы, тауық, қаз, үйрек және тағы басқа хайуандар – құрбандыққа жарамсыз. Мұнда мәзхаб ғұламалары арасында талас жоқ.

№6. Құрбандыққа жарамайтын мал түрлері

  • бір не екі көзі соқыр;
  • жүре алмайтындай ақсақ;
  • тістерінің көбісі жоқ;
  • бір немесе екі мүйізі түбінен сынған;
  • құйрығы мен құлағының көбісі кесілген;
  • лас нәрсемен қоректенген.

Құрбан шалуға жарамды жануарлар:

  • бес жасар түйені 1-ден 7 адамға дейін бірігіп шалуға болады;
  • екі жасар ірі қара малды 1-ден 7 адамға дейін бірігіп шалуға болады;
  • бір жасар қойды бір адам ғана шалады.

№7. Құрбандық малын сою тәртібі

  • малды сол жамбасымен жатқызып, кеудесімен құбылаға қарату;
  • құрбан шалуға ниет ету (өз атынан немесе өзгенің атынан);
  • “Бисмилләһи Аллаһу Акбар” деп айту;
  • малдың өңеш, кеңірдек және екі күрме тамырын кесу,
    малдың қаны толық ағып болғанша және жаны шыққанын күту.

№8. Құрбандық шалу кімдерге міндет?

Ханафи мәзһабында құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп (міндет). Шариғат бойынша “бай” деп мал-дүниесі нисап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Нисап мөлшері – 40 қой (ешкі) немесе 30 ірі қара немесе 5 түйе. Ол да болмаса қажеттілігінен артық 85 гр алтын (1 230 000 теңге) қаражат. Мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес.

№9. Құрбандық малының бағасы қалай белгіленеді?

ҚМДБ қаржыға араласпайды. Құрбандыққа шалынатын түлік бағасы жергілікті нарық бағасымен көрсетіледі. Қазақстанның әр аймағында малдың бағасы әртүрлі. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында малдың бағасы бірдей болмауы мүмкін.

Тапсырыс берушіден түскен қаражат мал иесіне, яғни сатушыға тікелей беріледі. Өйткені бұл делдалдық қызмет емес. Көрсетілген сомаға қасапшының қызметі ғана кіреді. Ал құрбандық етін бөлшектеп, мұқтаж жандарға тарату сынды барлық ұйымдастыру жұмыстары ҚМДБ мешіт жамағаты мен еріктілердің көмегі арқылы тегін жүзеге асады. Бұл – құрбан шалуға тапсырыс беруші азаматтар үшін үлкен жеңілдік.

№10. Құрбандық еті қалай үлестіріледі?

Құрбандық еті үшке бөлініп үлестіріледі:

  • өзіне, отбасына;
  • туған-туыс, көрішлеріне;
  • қалған үштен бірі кедей мен мұқтаждарға.

Республика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін www.qurban2021.kz сайты арқылы биыл 20 шілде күні айт намазынан кейін өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтініштерін қабылдау, сараптау және құрбандық еттерін жеткізіп беру жұмыстарымен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері айналысады.

Сайт арқылы тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Сауд Арабиясы, Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан жүйе. Жобаның басты ерекшелігі – құрбандық етін түгелдей мұқтаж азаматтарға тарату.

№11. Құрбандық малы қай кезде шалынады?

Былтыр пандемия жағдайына байланысты айт намазы оқылмады. Құрбан шалуды әдетте шариғатқа сай айт намазынан кейін бастайтындықтан 2020 жылы намаз оқылмай, уақытына келгенде түрлі пікір туындады. Біреулер күн көтерілгенде десе, енді біреулер күн шыққанда, енді біреулер бесін уақытынан бастап құрбан шалуға рұқсат деген пікірде болды. Биыл да айт намазының оқылып-оқылмайтыны белгісіз. Оқылмай қалған жағдайда еліміздің барлық өңірінде күн шыққаннан кейн бір сағат өтісімен құрбан шалуды бастап кету керек. Құрбан шалу Құбан айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады.

№12. Құрбан шалудың орнына садақа беруге бола ма?

Ханафи мәзһабында құрбан айт күндері құрбандықты бауыздамай, ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені шариғат бойынша құрбандық малын бауыздап, қан ағызу – міндет. Алайда сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді. Құрбандықты сойып қойған болса, оның барлық етін мұқтаждарға таратады, өзі одан ештеңе жемейді. Себебі уақыты өтумен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Егер құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құны мөлшерінде садақа етеді. Демек құрбандық шалуға міндетті болған адам белгілі малды бауыздап қан шығаруы тиіс.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button