Жасөспірімдердің интернетке тәуелділігін азайту шаралары қолға алынады
«Жастар мен балалар арасында Интернетке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу бойынша шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» жобасын іске асыру барысы туралы онлайн-баспасөз конференциясы өтті.
Онлайн баспасөз конференциясына ҚР Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының басшысы Динара Сәдуақасова, өңірлік жастар ұйымдарының өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Спикерлер БАҚ пен сарапшыларды интернет-тәуелділіктің және жастар мен балалар арасындағы құмар ойындардың алдын алу саласындағы халықаралық заңнаманы талдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар; кибербуллингті, онлайн-тәуелділікті және құмар ойындарға тәуелділікті анықтау мақсатында фокус-топтардың кездесулері; кибербуллинг фактілерін анықтау, құмар ойындарды насихаттау үшін әрбір өңір бойынша құрылған Telegram-арналардың жұмысы туралы хабардар етті.
Жобаны іске асыру кезеңінде 17 өңірден 1 мыңнан астам жас интернет-тәуелділіктің, кибербуллингтің және құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу бойынша оқытудан өтті.
Жоба қорытындысы бойынша жастар мен балалар арасында Интернетке тәуелділіктің, құмар ойындар мен кибербуллингтің алдын алу бойынша, оның ішінде осы саладағы қазақстандық заңнаманы жетілдіру бойынша нақты ұсынымдар әзірлей отырып, талдамалық баяндама дайындау жоспарлануда.
Сонымен қатар, жоба жаңалықтарын «Жас Ұлан» ұйымының Facebook – ReStart және Instagram – restart_social әлеуметтік желілеріндегі парақшаларынан білуге болады.
Жоба Қазақстан Республикасының жастарын қолдаудың 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары аясында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен жүзеге асырылуда.