Хабар

Жаңа Қазақстан байқалып жатыр ма? Қарин елде қандай өзгеріс болғанына шолу жасады

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстанда кейінгі жылдары қандай өзгерістер болғанын айтты. Ол бұл туралы Telegram-парақшасында жазды.

Оның айтуынша, былтыр 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді саяси жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын ұсынды. Содан бері бір жылға жуық уақытта бұрын-соңды Қазақстанда болмаған кең көлемді өзгеріс жасалған.

“Біріншіден, 1995 жылдан бері алғаш рет жалпыұлттық референдум өтті. Халқымыз конституциялық реформаға қолдау білдірді. Ата Заңдағы тоғыз тараудың сегізіне, 98 баптың 33-іне түзету енгізіліп, басты құжаттың үштен бірі жаңартылды. Сондай-ақ, 7 конституциялық заңға, 15 кодекске және 29 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді”, – деді ол.

Мемлекеттік кеңесші елде қандай жаңа саяси реформалар қолға алынғанына да тоқталған. Оның сөзінше, енді Президент 7 жылдық мерзімге бір рет сайланады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы саяси партияның мүшесі бола алмайды. Парламент пен мәслихаттарды жасақтау тәртібі өзгеріп, олардың өкілеттігі күшейген. Конституциялық сот құрылып, жұмыс істей бастаған. Ал сот мүшелерінің өкілеттік мерзімі Президент пен Парламент депутаттарына қарағанда ұзағырақ болады.

“Саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Нәтижесінде екі жаңа партия тіркелді. Осылайша, мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісі қалыптасып, билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнады. Үшіншіден, маңызды мемлекеттік институттарды жүйелі түрде қайта құру үдерісі аяқталып келеді. Президент және Сенат депутаттарының сайлауы өтті. 19 наурызда жаңа аралас жүйе (партиялық тізім мен бір мандатты округтер) бойынша Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттары сайланады”, – деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ, Қарин елдің әкімшілік-аумақтық құрылымы да өзгергенін, соның ішінде Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылғанын атап өтіп, Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшкенін айтты.

“Бесіншіден, мемлекет пен азаматтық қоғам арасында сындарлы әріптестік орнату жұмысы жалғасты. Бабалар жолымен Ұлттық құрылтай шақырылуын осы бағыттағы ілкімді істердің дәлелі деуге болады. Оның алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті, екінші отырысы киелі Түркістанда өтеді. Ең бастысы, Президенттің бастамасымен іске асқан саяси реформалар ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту үдерісіне тың серпін берді. Сондай-ақ, азаматтардың белсенділігін арттыруға және олардың елімізді жан-жақты дамыту ісіне атсалысуына жол ашты”, – деп түйіндеді ол.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Проверьте также
Close
Back to top button