Зерттеу: Жаңғақ жеп жүрген адам ұзақ өмір сүреді
Америка ғалымдары жаңғақ жеп жүрген адамның жүрек және қан тамыры ауруларына жиі шалдықпайтынын айтады. Әсіресе 50 жастан асқан егде адамдар үшін бұл дән аса қажет көрінеді. Ол жайлы зерттеу Journal of the American Heart Association журналында жарық көрді.
Ғалымдар өсімдік тектес ақуыздың адам ағзасына әсері мен пайдасын анықтау үшін 50-79 жастағы 100 мың әйелдің дерегін салыстырған. Ол деректерді 1993-1998 жылдары Women’s Health Initiative ұлттық зерттеуінен алған.
Сауалнамаға қатысқан еріктілер тамақтану әдеті мен жұмыртқа, құс еті, сүт өнімдерін, моллюскі, ет пен балықты, өсімдік тектес (жаңғақ, бұршақ, асбұршақ) ақуызды қаншалықты көп жейтінін белгілеген.
2017 жылы ақпанға дейінгі кезеңді бақылау нәтижесінде 25 976 адам қаза болғаны анықталды. 6993 өлім жүрек және қан ауруларынан, 7516-сы қатерлі ісіктен, 2734-і деменциядан (алжу) болған.
Зерттеуге алынған респонденттерді ғалымдар екі топқа бөліп қарастырмақ болады. Бірі – жануар тектес өнімдерді жегендер, екіншісі – өсімдік тектес өнімдерді көбірек тұтынғандар.
Нәтижесінде өсімдік тектес ақуызды көбірек жеген әйелдердің өлім қауіпі 9%-ға, ал жүрек және қан тамыры ауруына шалдығу қауіпі 12%-ға, деменция қауіпі 21%-ға аздау боп шыққан.
Ал өңделмеген ет, жұмыртқа, сүт тағамдарын көп жегендердің өлім және ауруға шалдығу қауіпі жоғарырақ болған.
Ал ет мен жұмыртқаны, сүт өнімдерін жаңғақпен алмастырғандардың ауруға шалдығу қауіпі 12-47%-ға дейін азайған екен.
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz(https://massaget.kz/arnayyi_jobalar/zdorove/64583/)