Хабар

«Махаббат туралы аңыз»: Алғашқы қазақ киносы жайында не білеміз?

Кинотанушылар қазақ киносының дамуын әртүрлі кезеңдерге бөліп қарастырады. Тіпті алғашқы қазақ фильмі туралы да әртүрлі пікір айтады. Ал көптің санасында тұңғыш қазақ фильмі «Амангелді» деп қалыптасқан.

«Амангелді» фильмін 1938 жылы режиссер Моисей Левин Ғабит Мүсірепов пен Бейімбет Майлиннің «Амангелді» пьесасының негізінде түсірген. Алайда кеңестік цензураға байланысты кино жарық көргенде сценариін жазған қос жазушының да аты аталмайды.

Кинотанушы, профессор Бауыржан Нөгербек «Амангелді» фильмін қазақтың емес Ленфильм түсірген қазақтар хақындағы кино дей келе оның мемлекеттік тапсырыспен түсірілгенін айтады. «Бұл мемлекеттік, анығында мемлекеттік-партиялық тапсырыс болатын. Мұны растайтын құжаттар сақталған. Қазақстан Үкіметі Орталыққа 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің жетекшісі, халық батыры Амангелді Иманов жайлы фильм түсіру туралы өтініш білдірген. Тоталитарлық билік миф жасауға мұқтаж болатын, ал, аңызға айналған халық батыры Амангелдінің өмірбаяны олардың бұл мақсатын орындауға сай келіп тұрды. Сондықтан «өтініш» жерде қалмады», дейді. Осылайша кеңестік идеология «Амангелді» фильмін орыстардың көмегімен түсірілген қазақтың тұңғыш фильмі деп санамызға сіңірген.

Бұл уақытта қазақтан шыққан кәсіби кино мамандары жоқтың қасы еді. Сол себептен де қазақ кинематографиясы болды деп айта алмаймыз. Дегенмен содан кейін даму жолына түсті. Бауыржан Нөгербек тұңғыш қазақ режиссері туралы мақаласында: «Шәкен Айманов қазақ киносының үшінші жаңғыруы туралы идеяны алға тартты. Себебі іштей, «Амангелді» фильмін тұңғыш кино ретінде ұсынған тезистің осалдығын, ғылыми тұрғыдан объективті емесін сезінсе керек деп, оның: «1953 жылы Гаккельмен бірге түсірген «Махаббат туралы аңыз» фильмім, маңызды кезең. Шындығын айтқанда, бұл осал фильм. Оны фильм деп айтудың өзі артық, бұл Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» пьессасы бойынша түсірілген фильм-спеактакль. Дегенмен, бұл біздің үшінші жаңғыруымыз, себебі, өз күшімізбен фильм түсіре бастадық. Ұлттық кинематография басталды», деген ойын жеткізеді. Яғни шын мәнінде қазақтың тұңғыш фильмі «Махаббат туралы аңыз» дей аламыз.

Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббат хикаясын өз мамандарымыз экранға шығарды. Режиссер бұл туындысын әлсіз деп бағаласа да, содан кейінгі сәтті түсірілген қазақ фильмдерінің «бастау-бұлағы» болды.

Дереккөз: egemen.kz

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button