Хабар

Тазы мен төбетті сақтау мәселелері бойынша заң жобасы әзірленді

Қазақы ит тұқымдары тазы мен төбетті сақтау және көбейту мәселелеріне қатысты заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісінде жұмыс тобында қаралып жатыр.

Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінен мәлім болды.

«Мамандардың пікірінше, бүгінгі таңда қазақы тазы және төбет тұқымының тазалығын сақтауға қатысты қиындықтар бар және бұл ит тұқымдарының жойылу қаупі сақталып тұр. Бұл тұрғыда генофонд жағдайын бағалау мен олардың генетикалық профилін құру бойынша ғылыми зерттеулер жүргізудің заңнамалық тәртібінің жоқтығы кері әсер етіп отыр. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша депутаттық корпус қазақы тазы мен төбетті сақтау және көбейту туралы заң жобасын әзірледі», – делінген комитет мәліметінде.

Заң жобасы осы саладағы мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттарын белгілеу арқылы аталған ит тұқымдарының сақталуы мен көбейту саласындағы субъектілердің қызметін құқықтық реттеуде кешенді қадамдарды қамтып отыр.

Осы орайда қазақы ұлттық асыл тұқымды ит түрлерінің стандарты пайда болады. Бұл ит тұқымдарын сақтау және оларды көбейту саласындағы қызметті заң жобасына сәйкес жеке тұлғалармен қатар, заңды тұлғалар да жүзеге асыра алады. Заң 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді деп жоспарланып отыр.

Аталған комитет құрамындағы Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасы басшысы Қуат Чумакаев заң жобасына Парламент депутаттары бастамашылық еткенін айтты.

«Біздің ведомство бұл саладағы мәселелермен айналысқандықтан, өкілетті орган ретінде бекітілді. Құжатты ҚР Президентінің Іс Басқармасы жанындағы Парламентаризм институты даярлады. Біздің мақсат – заң жобасы аясында өзіміздің тиісті ұсыныстарымызды әзірлеу. Құжат Парламент Мәжілісінде жұмыс тобы отырыстарында қаралып жатыр», – деді басқарма басшысы.

Қазір басты мәселелердің бірі – ит түрлерінің тазалығын сақтау. Қазақ тазысы мен төбеттердің шығу тегі туралы халықаралық расталған құжаттары жоқ. Өйткені бұл тұқымдар халықаралық кинологиялық бірлестіктер жағынан мойындалмаған.

Таза қанды иттерді тіркеу үшін екі мәселені ескеру қажет. Біріншіден, ит тұқымының стандарты. Екіншіден, таза қанды иттердің тисті саны жинақталуы тиіс.

Атап айтқанда, мемлекеттің қаржыландыруымен асыл тұқымды тазы мен төбетті өсіру тұрғысында ұлттық мұраны сақтаудың маңыздылығына мемлекет ерекше көңіл бөліп отырғанын білдіреді.

Заң жобасы аясында таза қанды тазы мен төбет тұқымын сақтау және көбейтумен, сарапшылар мен мамандар даярлаумен, көрмелер мен түрлі дәрежедегі байқаулар ұйымдастырумен, сондай-ақ стандарт әзірлеумен, тазы және төбет тұқымдарының шығу тегі туралы куәліктер берумен айналысатын Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығын құру жоспарланып отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл күзде ҚР Президентінің Іс Басқарушысы Айбек Дәдебаев қазақы ит тұқымдары тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру мәселелері бойынша кезекті жиын өткізді.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button