“Соңы депрессияға ұласуы мүмкін”. Күз мезгілі адам психикасына қалай әсер етеді?
Мамандар күзгі хандраға берілмес үшін не істеу керек екенін айтты.
Күн қысқарып, түн ұзаруы, жарық мөлшерінің азаюы адамға кері әсер етуі мүмкін. Жазғы демалыс бітіп, жұмыс кестесіне ауысу да — уайымға салынуға себеп. Бұл туралы психолог Гүлзат Қанат Globalnews.kz сайтына берген сұхбатында айтты.
“Күзгі мұңның негізгі белгілеріне көңіл-күйдің өзгеруі, адам өзін ылғи шаршап жүргендей сезінуі, қатты мазасыздана беруі жатады. Ұйқы қанбай, кейде мөлшерден көп ас ішуі мүмкін. Әлеуметтен оқшауланып, жеке қалғысы келуге ұмтыла бастайды. Меланхолия, апатия, жұмыс тиімділігінің төмендеуі де бойды күзгі мұң басқанын білдіреді”, – дейді маман.
Психологтың айтуынша, күзгі хандраға көбіне созылмалы соматикалық аурумен ауыратын, стреске жиі ұшырайтын, меланхолия типті адамдар бейім болады.
“Дереу алдын алып, көмек берілмесе, соңы депрессияға ұласуы мүмкін”, – дейді психолог.
Оның айтуынша, хандра қырқүйек айында басталып қазанның аяғына дейін созылуы мүмкін.
Ал эндокринолог Мадина Сүлейменова күз мезгілінде адам ағзасында күн сәулесінің жетіспеуінен гормондық өзгерістер болады. Бұл да күзгі хандраға әкелуі мүмкін екендігін айтады.
Маманның айтуынша, күзгі хандрамен күресудің ең тиімді әдісі — дене қозғалысы. Сол үшін күніне ең азы 7000-10 000 қадам жүрген жөн.