Президент «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын тезірек бітіруді тапсырды
Мемлекет басшысы Қарағанды облысы өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінде өңдеу секторының үлесі 80 пайыз екенін айтты.
Облыстың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінде өңдеу секторының үлесі 80 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша аймақ көш бастап тұр. Сондай-ақ осы бағытты одан әрі дамыту үшін облыстың мүмкіндігі мол. Биылғы шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңдеу саласындағы инвестициялық жобалардың пулын жасақтау жұмыстарына баса мән беру қажеттігі туралы айттым. Күрделі геосаяси ахуалға және әлемдік экономикалық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты отандық экономиканы әртараптандырудың маңызы одан әрі арта түседі, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатқанын айтты.
Қарағанды облысы еліміздің дәл ортасында орналасқан. Оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын ең басты күре жол осы өңірді басып өтеді. Аймақты дамытуға автокөлік жолдарының сапасы айрықша ықпал ететіні анық. Қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалуда. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қарағанды – Жезқазған» күре жолы да аса маңызды екенін айтты.
Ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы көбейеді. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек. Сондай-ақ, «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырамын. Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет, – деді Мемлекет басшысы.