Хабар

Мәшһүр Жүсіп мінген трашпеңке

Бүгінде әйгілі Мәшһүр Жүсіп ұрпақтары, «Мәшһүр Жүсіп» қоғамдық қорының мүшелері Мәшекеңнің үй-қорасын, тұтынған заттарын қайта жаңғыртып, ашық музей жобасын жасауға кірісті. Жобаның жай-жапсарын білу үшін Мәшһүр Жүсіптің шөбересі Абай Шарапиевпен хабар­ластық. Оның айтуын­ша, тәу етушілерді Ясная Полянадағы Лев Толстойдың ашық музейі сияқ­ты дүние күтіп тұр екен.

– Былтыр Екібастұз қаласын­дағы «Мәшһүр Жүсіп» қоғам­дық қоры өкілдерінің бастамасымен бабамыздың Ескелдідегі үйі қоршалып, айналасына 20 түп қайың, 20 түп терек, он шақты шыр­ша ағаштары отырғызылған еді. Бүгінде үй-қорасын, қолданған заттарын қайта жаңғырту жұмыс­тары жалғасуда. Жақында екібас­тұздық ұста Темеш Тайжамалов құрастырған арба (трашпеңке) Ескелдіге әкелінді. Арба танымал жазушы Дихан Әбілевтің шығармасында суреттелгендей жасалды. Он төрт жасқа дейін Мәшекеңнің тәрбиесінде болған әкем Төлеу­байдың да естеліктері назарға алынды. Әкемнің айтуын­ша, арбаның алдында атқос­шы отыратын, артында жартылай күркемен жабдықталған Мәшекең отыратын орындық болған. Арба­ның артқы жағында жеке заттарын салатын жәшік орналасқан екен. Жолға шыққанда жәшікке қант, шай, өрік-мейіз, бет сүртетін орамал, насыбай салынған шақша және тағы басқа заттарын алып жүрген. Әрине, арбаны жасау оңайға соқпады. Қазір ауылдардан ескі арбалардың дөңгелегін табу қиын. Соған қарамастан Те­меш ұстаның шеберлігінің арқа­сында небәрі екі айдың ішін­­де бабамыздың трашпеңкесі қай­та жаң­ғыртылды, – дейді А.Шарапиев.

Трашпеңке жайлы дерекке тоқталсақ. Дихан Әбілевтің әкесі Әбіл мен Абай Шарапиевтің атасы Шарапи дос болған екен. Д.Әбілевтің шығар­масында мынадай естелік айтылады:

…Мәшекең Баянға барарында да, қайтарында да Мойылдыдағы біздің ауылға соқпай кетпейтін. Сонда тек қана біздің үйге түсетін. Сонда осы Күрең біздің қораның «сыйлы қонағы» болатын. Мені де танитын. Қасына барып маң­дайынан сипап, тамағының астынан қақтым.

– Мұнда кірейік! – деді Шарапи аға атқорадан сол жақтағы бөлме есігін нұсқап. Мұнда Мәше­кең жаңағы Күреңді жектіріп, өзі ғана мінетін траш­пеңке арбасы мен темір табан, кашава шанасы тұр. Арба үстінде қамыт, доға жатыр. Соларды көрсетіп:

– Молда атамның әрқайда сапар серігі төрт түліктен жаңағы күрең, жансыздан жаңағы траш­пеңке, шана, солардың сауыт-сай­мандары – қамыт, доға, божыға дейін мұра көремін. Сақтамақпын. Бірақ, кім білсін… Жыл жұтаң­дап ба­рады, – деп сәл күрсінгендей бол­ды да: – «Иншалла» деп айта­­йын, ешкім тие қоймас бұларға, аса бір дүлей біреу болмаса, – деді…

Жоғарыда «Мәшһүр Жүсіп» қоғамдық қоры жайлы тілге тиек етілді. Осы ретте, ғұлама­ның шы­ғармашылығын насихаттауда, өзге де игі істердің жүзеге асуына белсенді атсалы­сып жүрген қор мүшелерінің еңбегін атап өткен жөн. Мәшекеңді құрметтейтін өзге де ұлтжанды азаматтардың батыл әрекеті де мақ­тауға тұрарлық. Бір ғана мысал, Екібастұз қала­сындағы Ленин көшесі Мәшһүр Жүсіп Көпеев­тің есімімен аталуы үшін елдің азаматтары теріс пиғылды жандармен күресіп, біраз тер төкті. Кейін сол көшеде Мәшһүр бабаның зәулім ес­керткіші бой көтерді. Өзі жерленген Ескелді шат­қалында ­да әжептәуір игі істер атқарылуда. Соң­ғы жылдары салтанатты қонақ үй салынып, Жаңажол ауылындағы музей осында көші­рілді. Кесененің айналасы абаттандырылды. Жол мәселесі шешімін тапты. Қысқасы, тәу ету­ші­лерге барлық ыңғайлы жағдай жасалған. Мә­ше­кеңнің кесенесі мен өзі тұрған үйдің ара қа­шық­тығы шамамен 2 шақырым. Жыл сайын тәу етушілердің саны артып келе жатқанын ескерсек, үйге электр жарығы тартылып, жаны­на шағын қонақ үй салынса деген көптің тілегі бар.

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Проверьте также
Close
Back to top button