Коронавирустың жаңа штамдарының таралуы: Балалардағы алғашқы белгілер
Егер пандемияның басында балаларда коронавирус көп жағдайда жеңіл немесе асимптоматикалық түрде өтсе, вирустың жаңа штамдарының пайда болуымен ауру күшейе түсті. COVID-19 белгілері және оның балаларға қалай әсер ететіні жөнінде педиатр, инфекционист, медицина ғылымдарының докторы, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ балалар инфекциясы кафедрасының профессоры Лəззат Ералиева айтып берді.
Педиатрдың айтуынша, әлемде COVID-19 вирусының ауыр түрімен ауыратын балалар жиі тіркеле бастады. Бұл жаңа, анағұрлым агрессивті және жұқпалы коронавирус штамдарының пайда болуымен байланысты.
«Ковидті тудыратын SARS-CoV-2 вирусы баланың денесіне ауа тамшылары немесе байланыс арқылы (заттар арқылы) енеді. Балаларда COVID-19-дың алғашқы белгілері ересектерде секілді, инфекция жұққан соң орта есеппен бір аптадан кейін пайда болады. Иммунитеті әлсіз балаларда инкубациялық кезең 2-3 күнге дейін қысқарады. Бастапқы кезеңде ауру қарапайым суық тигенге ұқсайды: тамақ ауырып, мұрын бітеледі және дене температурасы жоғарылайды», – деп түсіндірді Ләззат Ералиева.
Оның айтуынша, келесі 2-3 күн ішінде алдыңғы белгілерге жеңіл жөтел, әлсіздік, тәбеттің жоғалуы, кеудедегі ауырсыну, ентігу және үлкен дәреттің сұйық болуы қосылады.
КВИ-дің аса ауыр ағымы бір жасқа дейінгі балаларда және созылмалы патологиялары мен қосымша аурулары бар 15 жастан асқан жасөспірімдерде байқалады.
«Әдетте, балалар ауырғаннан кейін 7-11 күнде қалыпқа келе бастайды. Балада COVID-19-ға тән алғашқы белгілер пайда болған кезде бірден педиатр шақыру керек. Ең бастысы мынаны есте сақтаңыз: балаға өз бетінше диагноз қоюға, өз бетінше емдеуге және өзге де белгілердің пайда болуын күтуге мүлдем болмайды!» – деп атап өтті медицина ғылымдарының докторы.
Ол қазіргі уақытта балаларды коронавирустан қорғаудың нақты құралдары жоқ екенін айтты.
Балаларды вирустан қорғаудың жалғыз әдісі – ересек тұрғындарды вакциналау және инфекцияға шалдыққандармен байланысқа түспеу.