Кейінгі бес жылда аутизммен тіркелген балалардың саны 3 есе өскен
Кейінгі бес жылда елдегі аутизммен тіркелген балалардың саны 3 есеге жуық өскен. Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мәжіліс депутаттарының Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалына жауабында осындай мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы бес жылда аутизм спектрі бұзылу диагнозымен есепте тұрған балалардың саны 3 есеге жуық өсті», – деп жазады вице-Премьер.
Ресми статистика бойынша, 2018 жылы аутизммен ауыратын 4707 бала анықталса, 2019 жылы олардың саны 5193-ке, 2020 жылы 6771-ке, 2021 жылы 8796-ға, 2022 жылы 12 087-ге жеткен.
«Осыған байланысты Үкімет аутизм спектрі бұзылу диагнозын ерте анықтау үшін скринингтерді ұйымдастыру қағидаларына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Атап айтқанда, балалардың жүйке-психикалық даму шкаласын өзектендіру жүргізіліп, скринингтердің барлық түрлерін жүргізу алгоритмдерін жетілдірді, медициналық ұйымдар мен психологиялық-медициналықпедагогикалық комиссиялар (бұдан әрі – ПМПК) арасындағы өзара іс-қимыл күшейтілді», – деп жазады Тамара Дүйсенова.
Оның айтуынша аталған скринингтерге тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі.
«2023 жылдың 3 айының ішінде психофизикалық даму скринингімен 774 мыңнан астам бала қамтылып, 8549 балада психофизикалық дамудың бұзылуы (1,1%) анықталды. Бұл балалар одан әрі түзету әдістерін анықтау үшін ПМПК-ға жіберіледі.
2022 жылы Денсаулық сақтау министрлігі педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын қайта қарап, аутизмді анықтауға арналған жаңа модификацияланған скринингтік тест енгізді», – деді министр.