Хабар

Импорт: Қай өндіріске көбірек тәуелдіміз?

Экспорт ақша әкелсе, импорт шығын әкеледі. Көптеген елдің импорт пен экспорт көлемін теңестіруге тырысатыны да сондықтан. Бірақ бұл мүмкін емес. Себебі барлық қажетті тауар мен қызмет көрсету түрлері бір ғана мемлекеттен табылуы екіталай. Осылайша, дүние жүзіндегі елдер өзінде жоқ затты өзгеден алуға мәжбүр. Қазақстан да импортқа тәуелді. Бұрын бізде импорт өсімі аралық тауарлар мен өндіріс құралдарының есебінен болса, қазір халық тұтынатын тауарларды сырттан әкелу басым түскен.

Қазақстанның Ұлттық банкі­нің мамандары жақында тауар импортына қатысты мәліметтер жа­риялады. Олардың дерегі бо­йынша, бүгінде азық-түлікке жат­пайтын тауарлар импорты ар­тып отыр. «Жыл басынан бері біз тұтыну тауарлары им­порты­ның өткен жылға қатысты да (2020 жылдың 9 айы­на +21%-ға) және пандемияға дейінгі 2019 жылға қатысты да (+27%) өс­кенін байқадық. Импорт құ­ры­лымындағы халықтық тұ­ты­ну тауарларының үлесі де 2020 жылдың 9 айындағы 25%-дан биыл 30%-ға дейін өсті. Өз­дері­ңізге мәлім, тұтыну тауар­ла­ры импорты азық-түлік­тен (үлесі – 28%) және азық-түлік­ке жат­п­ай­тын (үлесі – 72%) өнім­дер­­ден тұрады», дейді Қазақ­стан Ұлт­тық банкі төлем балансы депар­таментінің сырт­қы сек­торды тал­дау басқарма­сы­ның бастығы Меруерт Алмағамбетова.

Қаңтар-қыркүйек айларында азық-түлік тауарларының им­порты 11%-ға өсіп, 2,4 млрд дол­ларды құраған. Сырттан әке­лін­ген азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі сусындар (141 млн доллар), ұннан жасалған кон­ди­терлік өнімдер (134 млн доллар), қант (119 млн доллар), шоколад (109 млн доллар) және құс еті (104 млн доллар). Сусындар негізінен Ресейден, жаңғақтар – Қытай мен Ираннан тасымалданса, Ресей мен Беларусьтен – шұ­жықтар, Норвегиядан – мұз­датылған балық, Эквадордан – банан, Ресейден ұннан жасалған кондитерлік өнімдер әкелінеді. Бұл тауарлардың импорты 2019 жылға қарағанда да өскен.

“Импорттық азық-түлік өнім­дерінің негізгі жеткізушісі – Ресей. Ол жақтан шетелдік азық-түлік өнімдерінің жартысы импортталады. Басқа импорт­таушы елдердің ішінде Өз­бекстанның үлесі – 7,4%, Бела­русь пен Қытайдың үлесі 5% және 4,9% аралығында”, – дейді М.Алмағамбетова.

Жалпы, жоғарыда айтқан азық-түлік өнімдері біздің елде де өндіріледі. Бірақ ел аумағын толық қамти алмай отыр. Сон­дық­тан импортқа иек ар­ту­ға мәж­бүрміз. Мысалы, қант, шұ­жық, ірімшік, сүзбе, ал­ма, маргарин сияқты тауарлар отан­д­ық өнді­рісте жеткілікті мөл­шерде өн­ді­рілмейді. Оның үстін­е сырт елдер өнім түрлерін кө­бей­тіп, оның бағасын арзан қою арқылы да елімізді қызық­тырып тұр.

Ұлттық банктің хабарлауынша, биыл азық-түлікке жатпайтын тауар­лар импортының жоғары қарқыны байқалған. 2021 жылдың 9 айында азық-түлік­ке жатпайтын тауарларды жеткізу 2020 жылмен салыс­тыр­ғанда 25,9%-ға және дағдарысқа дейінгі 2019 жылға қарағанда 30,7%-ға өсіп, 6,3 млрд долларды құрапты. Осы жағынан импорттың ең үлкен өсімі Ресей­­ден, Өзбекстаннан және Жа­по­ниядан келген. Бұл мемлекеттер­ден негізінен авто­көліктер тасы­м­алданған, оның им­­порттық көле­мі 1 млрд долларға жет­кен. Одан кейін Қытай тұр, бұл елден аяқкиімдер көп әкелініпті. Қытай сон­дай-ақ, қазақты киін­діру жағынан да өзгеге дес бермей тұр. Одан кейінгі орында – Түркия. Анадолы елінен де киім көп әкелінеді. Қысқасы, азық-түлікке жатпайтын тауарларды жеткізушілер бестігіне Еуропалық одақ елдері (14,2%), Түркия (5%) және Өзбекстан (4,8%) кіреді.

Мамандар соңғы жылдары елімізге сырттан автокөлік көбі­рек әкелін­генін айтады. Қазақ­стандық автобизнес қауымдас­тығының мәліметінше, биылғы 9 айда Қазақстан нарығындағы көліктердің сатылымы 36,3%-ға өсіп, 86,6 мың данаға жеткен.

Қазақстандық автомобиль өндірісі құрамдас бөлшектер импортына да өте тәуелді екені белгілі. Бөлшектерді тасымалдау қарқыны да толассыз жүріп жатыр.

«Тұтыну тауарлары им­порты­ның ұл­ғаюы карантиннен кейін елдегі эко­но­микалық бел­­сен­­діліктің қалпына кел­ге­нін және халықтың тө­лем қабі­летінің артқанын білді­ре­ді. Жыл басынан бері экономиканың жүйелі түрде қалыпқа келгенін бай­қадық. Мәселен, 2021 жыл­дың қаңтар-қыркүйек айларында ІЖӨ өсімі 3,4%-ды құрады. Ұлттық статистика бюросының мәлі­меті бойынша 2021 жыл­дың 9 айында жан басына шақ­қан­дағы халықтың нақты ақша­лай табысының да (+5,0%), атаулы табысының да (+13,2%) өсуі байқал­ды. Халықтың несие қабілеттілігінің көр­сеткіші ретін­де табыстың өсуі – жаңа тұ­тыну­­шылық несиелердің көп­теп бері­луіне ықпал етеді. Осы­лай­ша, 2021 жылдың 9 айын­да жеке тұлғаларға беріл­ген тұ­ты­нушылық несиелер дағ­да­рысты 2020 жылмен салыс­тырғанда екі есе, ал 2019 жылға қарағанда 54,3%-ға өсті»”, – дейді Ұлттық банк мамандары.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button