Хабар

Зейнетақы жинағын алуға өтінім қабылдайтын сайт іске қосылды. Азаматтар нені білуі қажет?

Зейнетақы жинақтарын мақсатсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тарту көзделген.

Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану қағидалары бекітіліп, 23 қаңтарда сағат 9.00-де enpf-otbasy.kz сайтында өтінімдерді қабылдау басталды. Осы орайда зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға қатысты сұрақтарға жауап береміз.

№1. Қаражатты қандай мақсатта пайдалануға рұқсат етіледі?

кепілдік болған кезде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша тұрғын үй сатып алу кезінде немесе акт болған кезде көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру туралы шарт жасасу кезінде;
жер учаскесін сатып алуды қос алғанда жеке тұрғын үй салу үшін толық есеп айырысу кезінде;
ипотека алу, тұрғын үйді сатып алу, берешекті өтеу, банктер арқылы ипотеканы қайта қаржыландыру үшін бастапқы жарна ретінде;
тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесі бойынша жер учаскесін сатып ала отырып, тұрғын үй сатып алуға немесе жеке тұрғын үй салуға арналған ипотека бойынша берешекті алу, қайта қаржыландыруды өтеу кезінде;
Ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде үй сатып алу және осындай қаржыландыру бойынша берешекті өтеу кезінде;
тұрғын үй құрылысы және дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде сатып алу құқығымен берілген баспананы ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берешекті өтеу үшін пайдалануына рұқсат етіледі.

№2. Сайт қашан іске қосылады?

Зейнетақы жинақтарын пайдалануға өтінім Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен “Отбасы банк” әзірлеген www.enpf-otbasy.kz сайтында қабылданады. Платформа 2021 жылы 23 қаңтарда Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 9.00-де іске қосылды.

№3. Сайт арқылы қалай өтініш беру керек?

Өтініш беру үшін ЭЦҚ болуы керек. Интернет-ресурста авторизация жасап, жеке кабинетке кіріп, арнайы шот ашуға өтінім беру керек. Осыдан кейін сізге арнайы шоттың нөмірін, пайдалану мақсатын, қолжетімді соманы, жеке табыс салығын ұстау және аудару тәсілдерін көрсете отырып біржолғы зейнетақы төлеміне электронды өтінішті толтыру қажет.

№4. Өтініш қанша күн қаралады?

Өтініштер екі жұмыс күні ішінде қаралады. Содан кейін бес жұмыс күні ішінде арнайы шотқа ақша түседі. 45 жұмыс күнінде ақшаны пайдаланып, бүкіл құжатты порталға жіберген соң арнайы шоттағы ақшаны өзі көрсеткен реквизиттер бойынша сатып алушыға немесе ипотеканы өтеуге аударады.

№5.”Отбасы банк” арнайы шот ашқан кезде комиссия ала ма?

Жоқ. “Отбасы банк” арнайы шот ашқанда, шотқа ақша аударғанда комиссия алмайды.

№6. “Отбасы банкінде” шот ашқандар тағы шот ашуы керек пе?

“Отбасы банкінде” шоттары барлар зейнетақы жинағын аудару үшін қосымша шот ашуы қажет емес. Операцияларды “Отбасы банктегі” арнайы Шот арқылы жасай аласыз. Басқа банктерден алған ипотеканы да өтей аласыз.

№7. Ұсталатын 10% салықты қалай төлейді?

Порталда өтінім берген кезде салықты бірден алуын не зейнетке шыққаннан кейін ай сайын алып тұруды таңдауға болады. Мысалы, алатын біржолғы зейнетақы төлемі шамамен 3 млн теңге болса, 300 мың теңге салықты (10%) бірден төлеуге немесе зейнетке шыққан кезде бөліп төлеуге болады.

№8. Ақшаны депозитке салуға бола ма?

Жеткілікті мөлшер шегінің үстіндегі соманы шешіп алып, оны “Отбасы банктегі” депозитке салуға, өкінішке қарай, рұқсат жоқ. Соманы алғашқы жарна ретінде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатыспай, депозитіңіз болмай бірден елу пайыз ретінде салып үй алуыңызға болады. Ал бірақ ақшаны шешіп алып, “депозитімді өсірем, оған арнайы сыйақы қосылады” деп пайдалануға болмайды.

№9. Басында баспанасы барлар қаражатты ала ала ма?

Алушының меншігінде тұрғын үйдің болуы біржолғы зейнетақы төлемдерін алудан және пайдаланудан бас тарту үшін негіз болып табылмайды.

№10. Қаржыға шетелден үй сатып алуға бола ма?

Жоқ. “Отбасы банкте” жылжымайтын мүлікті тек Қазақстан Республикасының аумағындағы сатып алуға рұқсат етілген. Бақылауды күшейту үшін ережеде үйді республика аумағынан ғана сатып алуға болатыны жайлы тармақ бар. “Отбасы банк” ақпараттық қауіпсіздікті сақтау мақсатында шетелден порталға кіруге шектеу енгізеді. Бірінші кезекте Қазақстан аумағында тіркелген IP-мекенжайларға қызмет көрсетіледі.

№11. Зейнетақының бір бөлігін емдік мақсатта жұмсау қашан мүмкін болмақ?

Емдеуге пайдалану бойынша “Отбасы банк” тек бірыңғай оператор ретінде әрекет етуге келіскен. Сондықтан Үкімет қаулысында емделуге арналған барлық төлемдер “Отбасы банктегі” арнайы шоттар арқылы жүзеге асырылатыны нақты көрсетілген. Зейнетақы жинағының бір бөлігін емдеуге пайдалану бойынша ереже қаңтар айының соңына дейін күшіне енеді. Қазір мемлекеттік органдар бұл мәселені талқылап жатыр. Содан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы Әділет министрлігінде тіркеледі.

№12. Ақшаны тұрғын үйді жөндеуге пайдалануға бола ма?

Жоқ, ережеде жөндеу жұмыстары қарастырылмаған. Сіз бір шарт шеңберінде тұрғын үй сатып алып, жөндеу жүргізген болсаңыз, жөндеу жұмыстарын жасай аласыз. Жеке жөндеу жүргізуге рұқсат етілмейді. Тұрғын үйді жөндеу жұмыстарына бір банктен ипотекалық қарыз алған кезде пайдалануға жол беріледі. Тек қана сатып алған үйін жөндеуге рұқсат етіледі. Банк қарызы шартында “жөндеумен тұрғын үйді алу” деп жазылса пайдалануға рұқсат.

№13. Қаражатты жақын туысына үй алу мақсатында беруге бола ма?

Иә. Салымшының жинағы жетпесе жұбайының немесе жақын туыстарының шоттарының есебінен ол қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында алуға болады. Міндетті түрде сол кісілердің келісімі қажет. Ережеде жақын туыстар деп ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), ата, әже, немерелер аталады. Ережеде алушы мен өтініш берушінің ара-жігі ажыратылған. Өтініш беруші – БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар салымшы (алушы). Алушы – тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін өзінің біржолғы зейнетақы төлемдерін және (немесе) жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланатын жеке тұлға. Мысалы, өтініш беруші әкесі біржолғы зейнетақы төлемін баласына үй алуға немесе ипотеканы өтеуге аудара алады.

№14. Үйді туысынан сатып алуға бола ма?

Жоқ, ережеде жұбайынан, жақын туысынан үй сатып алуға шектеу қойылған. Барлық операция қолма-қол ақшасыз жүргізіледі. Зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп алғанда туған бауырларынан, ата-анасынан, ата-әжелерінен, балаларынан, немерелерінен және басқа да жақын туыстарынан тұрғын үй сатып ала алмайды.

№15. Жер үй салатындар қалай бақыланады?

Жеке тұрғын үй құрылысына қаражат қажет болса міндетті түрде құжат жинап, тиісті келісімшарттары болуы керек. Өйткені жеке тұрғын үй құрылысы барысында лицензиясы бар құрылыс комапнияларының қызметін пайдалану қажет. Бұл қаржыны құрылыс жүргізуге құжатсыз жұмсай алмайды. Құрылыс компаниясы атқарылған жұмыстар актісін тапсырған кезде сауда орындарынан алынған құрылыс заттарының бағасы, саны және сапасы жөнінде толық құжат жинап өткізеді.

№16. Жинақты пайдаланып сатып алған үйді сатуға бола ма?

Ереже бойынша зейнетақы жинағын пайдалана отырып сатып алынған үйді келер 5 жылда сатуға болмайды. Тек сот шешімімен немесе кепіл ұстаушының кепілге берген жылжымайтын мүлкін өткізу қажет болғанда сатылуы мүмкін. Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып меншікке ресімделген, төленбеген ипотекалық тұрғын үйді бес жыл ішінде сатуға жол берілмейді. Бұл шектеу ереже күшіне енген уақыттан кейін алынған ипотекаға қатысты болып отыр. Қалған барлық жағдайда ешқандай шектеу жоқ. Үйді жинақтың бір бөлігін пайдаланып жеке меншікке сатып алар болсаңыз оны кез келген уақытта қайта сатуыңызға құқығыңыз бар.

Азамат 2021 жылдың 1 қаңтарынан кейін пәтер сатып алса және ипотекасы бар болса, пәтерді бес жылдан кейін сата алады. Егер өтеу мерзімі бес жылдан асатын қарызы болса және оның өтелмеген берешегі болса, тұрғын үйді сата алмайды.

№17. 45 күнде құжат жинап үлгермесе қайтадан өтініш бере ала ма?

Біржолғы зейнетақы төлемін пайдаланғысы келетін адамға құжаттарын толық өткізуге 45 жұмыс күні беріледі. Мысалы, өтінішті Ислам банкі немесе “Отбасы банкі” мақұлдауы мүмкін. Бірақ үй иесі сатқысы келмегенде өтінім 45 күннен кейін күшін жояды. Ақша БЖЗҚ-дағы шотқа аударылады. Оны қайтадан алу үшін қосымша өтінім беру керек. Азамат шоттағы ақшаның бір бөлігін ипотеканы жабуға, қалғанын бауырына бергісі келсе “Отбасы банкі” мен БЖЗҚ арасындағы келісім бойынша бірінші ипотеканы жауып тастау керек. Ал қалған ақшаны бауырына аудару үшін екінші рет қайтадан өтінім береді. Бір өтінім негізінде бірнеше операция жасалынбайды.

№18. Зейнетақы жинақтарын қалай тексеруге болады?

enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы ЭЦҚ немесе пайдаланушының логині мен паролін қолдану;
ЭЦҚ немесе пайдаланушының логині мен паролін қолдана отырып, БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасы арқылы;
ЭЦҚ немесе ЖСН және mGov мобильді азаматтар базасында тіркелген ұялы телефон нөміріне SMS арқылы түсетін бір реттік парольді пайдалана отырып, cabinet.enpf.kz/porog порталы арқылы;
eGov.kz сайтында немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы;
салымшының enpf.kz сайтында қалыптастырған үзінді көшірмесін БЖЗҚ дерекқорында тіркелген электрондық пошта мекенжайына жіберуі арқылы;
салымшының қосымша өтініш беруін қажет етпейтін, оның БЖЗҚ дерекқорында тіркелген электрондық пошта мекенжайына тұрақты түрде үзінді көшірме жіберу арқылы;
пошта байланысы қызметі арқылы (БЖЗҚ дерекқорында тіркелген пошта мекенжайына жыл сайын хабарландыру барысында жылына бір рет);
салымшы жеке куәлігімен БЖЗҚ-ның кез-келген жақын орналасқан өңірлік бөлімшелерінің біріне өзі келген жағдайда зейнетақы жинақтары туралы ақпарат ала алады.

Ақпарат көзі: informburo.kz

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button