Головкин-Мурата айқасы 200-ден астам елде көрсетіледі
9 сәуір күні қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) жапондық Риота Муратамен (16-2, 13 КО) жекпе-жек өткізеді, деп хабарлайды Sports.kz.
Кездесу Жапонияның Сайтама қаласында өтеді. Айқас DAZN платформасындағы әлемнің 200-ден астам елінде тікелей көрсетіледі (Жапония, Оңтүстік Корея және Қазақстаннан басқа). Головкин – Мурата жекпе-жегін Қазақстанның қай телеарнасы көрсететіні әзірге белгісіз. Сондай-ақ DAZN трансляциясы Сингапур, Малайзия, Таиланд, Индонезия, Гонконг, Макао, Моңғолия және Филиппин елдерінде эксклюзивті болмайды.
Қазір Геннадий Головкин командасымен бірге Жапонияда жүр. Оны журналистер мен фанаттар әуежайдан ыстық ықыласпен күтіп алды. Боксшылар орта салмақтағы WBA Super, IBF және IBO нұсқалары бойынша чемпиондық титулдар үшін жұдырықтасады.
Естеріңізге сала кетсек, Америкалық BCM Boxing ютуб арнасының жетекшісі Геннадий Головкин мен Риота Мурата арасындағы жекпе-жекке қатысты болжам жасаған болатын.
«Екі боксшының да техникалық шеберлігі жоғары деуге болады. Риота Мурата да түрлі бағыттан шабуыл ұйымдастырғанды жақсы көреді. Кездесудің анық фавориті Геннадий Головкин болғанымен, тартысты жекпе-жек өтеді деген үміттемін. Бұл шайқаста бәрі де болуы ықтимал. Әйткенмен мен Геннадий Головкин қарсыласын техникалық нокаутпен жеңетініне сенімдімін», деді арна жетекшісі.