Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Шахтер» мен «Қайсар» тең түсті
Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің тоғызыншы туры өз мәресіне жетті.
Бұл турдағы соңғы ойында Қарағандының «Шахтер» және Қызылорданың «Қайсар» командалары шеберлік байқасты. Кездесу елордада төріндегі «Астана-Арена» стадионында болды. Себебі, кеншілер қаласындағы стадион әзірге ойынды қабылдауға дайын емес екен.
Кездесу барысында қарағандылық ұжым сауатты қимыл көрсетуге тырысты. Екі команда бір-біріне көбірек шабуыл жасауға көңіл бөлді.
Нәтижесінде «Шахтер» футболшысы Виталий Балашов 7-минутта мергендігімен көзге түсті. Бұдан кейін қос команда тарапынан есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болған еді.
Екінші кезеңнің 81-минутында Евгений Павлов өзінің қақпасына гол соғып алды. Осылайша таразы басы теңесті. Аталған кездесуде командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Тоғызыншы турдағы өзге ойындарда «Астана» сырт алаңда «Ақтөбені» 2:0, «Атырау» өз алаңында Ақтаудың «Каспийін» 2:1 есебімен тізе бүктірді. Ал «Тобыл» Қостанайда «Таразды» 3:0 есебімен жеңсе, «Қайрат» Петропавлда «Қызылжармен» 1:1 есебімен тең түсті.
Алдағы тур ойындары 8 және 9 мамыр күндеріне белгіленген. Алдымен 8 мамырда «Қайрат» пен «Шахтер», «Каспий» мен «Ордабасы», «Қайсар» мен «Ақжайық», «Тараз» бен «Астана» командалары кездеседі. Ал 9 мамырда «Жетісу» мен «Ақтөбе», «Тобыл» мен «Атырау», «Тұран» мен «Қызылжар» жасыл алаңға шығады.