Хабар

“Ең жақын адам”. Бауыр басу бала өміріне қалай әсер етеді?

“Бала үшін ата-анасының өз өмірін сүрмеуден артық ауыртпашылық жоқ” дейді психолог.

Бауыр басу теориясын ағылшын психиатры, психоаналитик Джон Боулби ойлап шығарған. Бұрын нәресте физикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін анасымен байланыс құрады делінсе, Боулби бұл байланыстың қоршаған ортаға бейімделуі үшін қажет екенін қосты. Сондай-ақ, ол сәби үнемі іздейтін “ең жақын адам” түсінігін енгізді. Егер бала ұзақ уақыт өзі үшін маңызды адаммен байланысқа шықпаса, бұл оның психологиялық жарақат алуына әсер етеді.

Джон Боулбидің баяндамасынан кейін Еуропа мемлекеттерінде бала тәрбиесіне қатысты көп өзгеріс енгізілді. Дәлірек, ата-аналарға балалар ауруханасына кіруге рұқсат берілді, 24 сағат жұмыс істейтін балабақшалар жабылды және бала күтіміне байланысты демалыс түрі көбейді.

Бұдан кейін бауыр басу теориясының қағидаттары айқындалды:

Балада туа салысымен пайда болатын бірінші деңгей – сезім мүшелері арқылы бауыр басу. Шақалақ ең жақын адамының қасында екенін сезінуі тиіс.
Сәби екі жасқа толғанда екінші деңгейге өтеді – бауыр басу сезімін ең жақын адамына ұқсау арқылы нығайту. Бала өзі жақсы көретін адамдардың мінез-құлқын қайталай бастайды.
Үшінші жылға сәйкес келетін үшінші деңгей – бауыр басудың адалдық арқылы көрініс табуы. Бала ең жақын адамын айналасындағылардан қызғана бастайды, оның жалғыз “иесі” болғысы келеді.
Төртінші деңгей (4 жас) – балада өзінің ең жақын адамының өмірінде маңызды рөл ойнайтынына сенімділіктің пайда болуы. Ол өзін бағалағанын қалайды.
Бесінші деңгей – бала махаббаттың не екенін ұғына бастайды. Жақсы көретінін айтып, жүректің суретін сала бастайды.
Алтыншы деңгей бұл кезеңде бала ең жақын адамымен бар сырын бөлісіп, өзін еш сынсыз қабылдағанын қалайды.

Осы орайда, отандық психоаналитик Жұлдыз Төлеу бала мен ең жақын адамының арасында ерекше байланыстың қалай түзілетінін түсіндірді.

Бауыр басу дегеніміз не?

“Бұл бала мен оның ең жақын адамының арасында пайда болатын берік эмоционалдық байланыс. Әдетте мұндай байланыс балаға базалық қамқорлық танытып, қиналғанда бірінші болып қасынан табылатын адаммен түзіледі. Мұндай адамның жанында бала өзін қауіпсіз сезінеді, оған ұқсағысы келіп, мінез-құлық моделін көшіреді. Одан толық автономия болу үшін қажеттінің барлығын алуға тырысады”, – деді Жұлдыз Төлеу.

Бауыр басуға не нәрсе кері әсер етеді?

“Әке-шешесі тірі бола тұра олардан ажырап қалу – бала үшін жазылмайтын жара. Қазақстанда физикалық зорлық-зомбылық көрсеткені үшін баласын тартып алып, жетімдер үйіне өткізді. Оны осындай бір отбасы асырап алды” деген сарындағы жаңалықтар көп. Бірақ балаға күш көрсетуден гөрі, ата-анасынан айырылып қалу ауырырақ тиеді. Зорлық-зомбылықты жақтап тұрғаным жоқ. Бар болғаны проблемаға жан-жақты қарау қажет. Ешуақытта ата-ана өзінің туған баласына жамандық жасамайды. Ал теріс әрекеттері бұл жоспарсыз жүктілік, психологиялық сауат деңгейінің төмендігі, көп жағдайда материалдық жағдайының нашар болуы. Осының барлығы отбасындағы ұрыс-керіске алып келеді. Осы проблемаларды шешуге мемлекет тарапынан қажет деңгейде көмек көрсетілмей отыр”, – деді маман.

Психоаналитиктің айтуынша, баланың өзін қауіпсіз сезінуі тікелей жанындағы адамға байланысты. Яғни ол сұрапыл соғыстың ортасында жүріп-ақ өзін бақытты сезіне алады. Бұл үшін анасының аялы алақаны жеткілікті.

“Шетел емес, Қазақстанның өзінде бала жансақтау бөліміне түсіп қалса, оған жақын адамдарын кіргізбейді. Дәрігерлер инфекция жұқтырады деген себеп айтады. Жаңа босанған анаға да шақалағын бермей алып кетеді, әйел адам демалсын, дейді. Бірақ дәл осындай сәттерде бала үшін ең жақын адамының қасында болуынан артық ем жоқ”, – деді Жұлдыз Төлеу.

“Бауыр басу” қағидаттарының төртінші деңгейінде, яғни бала төрт жасқа толғаннан кейін ең жақын адамының өзін бағалағанын қалайтыны туралы айттық. Ал баланың ерекше өтініштеріне құлақ асу оған өзін түсінетініне сигнал іспетті. Мұндай естеліктер кейін есейгенде демеу болады, дейді маман.

Бауыр басудағы ер адамның рөлі қандай?

“Скандинав елдеріндегі тренингтерді қараған кезде ер адамдардың көбірек екенін байқаймын. Бұл қазақ қоғамында әкелерге баласының эмоциналдық күйі бәрібір деген сөз емес. Көп жағдайда авторитар модельдегі отбасылар көп болатындықтан, олар негізінен материалдық қажеттіліктерді бірінші орынға қоятыны түсінікті. Бірақ соңғы зерттеулерге сүйенсек, бала тәрбиесіне әкесі көбірек араласқан отбасыларда бәрінің де бақыттырақ екенін көреміз. Біз де осы модельге келеміз деп ойлаймын. Өйткені, қазір әлемнің көптеген елінде әлеуметтік-тұрмыстық деңгейі орташа отбасылардың азырақ жұмыс істеуіне көңіл бөлініп жатыр. Яғни ерлі-зайыпты үйге шаршап келіп, бірден ұйықтап қалатындай емес”, – деді Жұлдыз Төлеу.

Ата-аналар қандай қателіктерге бой алдырады?

“Қателесуден қорықпау мен өз өмірін сүруден артығы жоқ. Кем-кетіксіз өмір болмайды. Өкінішке орай, көп ата-ана “Өзімде болмағанды балама берсем, ол бақыттырақ болады” деп жанталасады. Әсіресе, әйел адамдар отбасы мен баласы үшін өмір сүреді. Карл Густав Юнг айтқандай, бала үшін ата-анасының өз өмірін сүрмеуден артық ауыртпашылық жоқ. Бауыр басу процесі кітап немесе осы секілді сұхбаттарды оқып алып жүзеге асыратын дүние емес. Басқалардың, тіпті, психолог мамандардың кеңесінен бұрын адам ішкі түйсігіне сенім арта білсе игі еді”, – деді психоаналитик.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button