Баланы тегін үйірмелерге қалай жаздыруға болады
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова баланы шығармашылық үйірмеге қалай жаздыруға болатынын түсіндірді.
«Баланы кезекке қоюға Artsport.Edu.kz платформасы арқылы электронды өтініш беру қажет. Кезек әрбір шығармашылық үйірмеге жеке құрылады. Кезектегі өтініш беру күні мен уақыты бойынша дәл секундқа дейін сұрыпталады. Мұнда еш жеңілдік жоқ. Орын ауыстыруға болмайды», – деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, кезек жақындаған кезде күн сайын сағат 18.00-де әр балаға автоматты режимде ваучер беріледі.
Ваучер – балаға берілген бірегей нөмір, онда көрсетілетін қызметтің нақты жеткізушісі, үйірменің түрі мен орналасқан жері көрсетіледі.
Бір бала шығармашылық, спорт және білім тапсырысы шеңберінде екі ғана спорт секциясына немесе үйірмеге қатыса алады.
Осылайша бала 2 үйірмеге, екі спорт секциясына немесе 1 секцияға және 1 үйірмеге қатысса, жүйе үшінші өтінімін қабылдамайды.
«Балаға ваучер берілген соң ол заңды өкілдің электронды кабинетінде және ол таңдаған қызмет көрсетушіде бір уақытта көрсетіледі. Ваучердің қолданылу мерзімі 10 жұмыс күні және ұзартылмайды. Осы уақыт ішінде ваучерде көрсетілген баланың заңды өкілі және қызмет көрсетуші шарт жасасады. Заңды өкіл осы кезеңде қызмет көрсетушінің біліктілігін бағалап, шешім қабылдауы үшін 2 сынақ сабағынан өтуге құқылы», – деп түсіндірді К. Сейітова.