Алаяқтарды eGov арқылы аңдуға болады
Цифрлы шешімдердің күнделікті өмірімізге дендеп енуіне байланысты киберқауіпсіздік те алғы шепке шықты. Ақшамыз да, құжатымыз да, дерегіміз де цифрланған, соған сай олардың қауіпсіздігін сақтау да маңызды мәселеге айналды. Киберқауіпсіздікке әсте бейжай қарауға болмайды.
Енді интернет алаяқтарды күнделікті өзіміз қызметін тұтынып жүрген электронды үкімет порталы арқылы аңдуға, анықтауға болатын мүмкіндік туды.
Жыл сайын Қазақстанда мыңнан астам ақпараттық жүйелер, оның ішінде мемлекеттік органдардың жүйелері хакерлік шабуылдарға ұшырайды екен. Енді қандай деректер хакерлер мен алаяқтардың қолында екені жайлы eGov Mobile мобильді қосымшасының көмегімен қадағалауға болады.
«Қазіргі уақытта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетімен, «Зерде» холдингі және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, еліміздің азаматтарына eGov mobile қосымшасы арқылы хакерлер мен алаяқтардың қолындағы деректер туралы хабарлау бастамасы пысықталып жатыр. Электронды үкіметтің мобильдік қосымшасындағы пайдаланушының жеке кабинетіне сайттарда оның жеке деректерін заңсыз жинау және жария ету фактілері анықталған кезде хабарлама келеді. Іске қосу 2022 жылдың соңына жоспарланып отыр», деп мәлімдеді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ.
Аталған орталықтың басқарма төрағасы Ростислав Коняшкиннің айтуынша, барлық азамат хакерлік топтар, алаяқтар немесе бәсекелестердің жеке деректерді қандай оймен қолданатынын біле бермейді.
«Біздің мақсатымыз – пайдаланушыларды ықтимал жағымсыз салдардан барынша қауіпсіздендіру және қойылған міндетті бірлесіп шешу үшін eGov mobile қосымшасы арқылы олардың құпия сөздері мен деректерінің жария етілуі туралы хабардар ету және ескерту», дейді ол.
Айта кету керек, 2021 жылы «ҰАТ» АҚ қызметтер мен қоcымшалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ұлттық бағдарламасы – Bug Bounty-ға қосылды. Bug Bounty-дың 10-нан аса елден жиналған тәуелсіз зерттеушілері біздің eGov.kz порталының 50-ге жуық әлсіз тұстарын анықтаған. Сәйкесінше, ол осал тұстарды «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қызметкерлері сәтімен жоя алған.
Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, қазіргі кезде электронды үкімет порталының қызметін Қазақстанда 10 миллионнан аса адам пайдаланады.