ҰБТ-ға жаңа пән енгізілді
Келесі оқу жылынан бастап IT мамандықтарын игеруге ниеттенген талапкерлер ҰБТ-да физика емес, информатика пәнін тапсыратын болады. Бұл туралы ҚР БҒМ хабарлады.
Білім және ғылым министрлігінде атап өтілгендей, IT-бағыттары бойынша ЖОО-да оқығысы келетін талапкерлер үшін ҰБТ тапсыру кезінде бейінді пәндер тізбесіне «Информатика» пәнін енгізу туралы көптеген өтініштер келіп түсуде.
«Осыған байланысты Министрлік талдау жүргізіп, 2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар» және «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсетін оқушылар ҰБТ-да математика мен физиканың орнына математика мен информатика комбинациясын тапсырады деп шешім қабылдады», – делінген ведомство хабарламасында.
Биылғы оқу жылында бейіндік пән «Физика» болып қала береді, бұл ретте талапкерлердің таңдауы бойынша наурыз айында өтетін ҰБТ кезінде дайындықтың осы бағыттарына түсу үшін «Математика+Информатика» комбинациясын таңдау опциясы қосымша қолжетімді болады.