Қазақстандықтар қаңтарда қанша күн демалады?
2022 жылдың қаңтарында қазақстандықтар мереке мен демалыс күндері 13 күн демалады, деп жазады Egemen.kz.
Жылдың соңғы күні – 31 желтоқсан жұмаға түсіп тұр. Бұл – жұмыс күні.
2022 жылдың қаңтарында 10 демалыс және 3 мереке күні бар. 1 және 2 қаңтарда ел тұрғындары Жаңа жылды атап өтеді. Мерекелер сенбі және жексенбіге түсетіндіктен, олар дүйсенбі мен сейсенбіге ауыстырылады.
Рождество мерекесі – 7 қаңтар жұмаға түсіп тұр. Бұл күні қазақстандықтар демалады.
Осылайша, аптасына бес күн жұмыс істейтіндер келер жылдың қаңтарында 13 күн демалады (1, 2, 3, 4, 7, 8, 9, 15, 16, 22, 23, 29, 30 қаңтар), аптасына алты күн жұмыс істейтіндер 8 күн демалады (1, 2, 3, 7, 9, 16, 23, 30 қаңтар).
2022 жылы қазақстандықтар барлығы 245 күн жұмыс істеп, 120 күн демалады.
Естеріңізге сала кетейік, Білім және ғылым министрлігі қысқы каникулда оқушылар неше күн демалатынын хабарлаған болатын.
“Қысқы каникул кезінде оқушылар 2021 жылғы 30 желтоқсан мен 2022 жылғы 9 қаңтар аралығында 11 күн демалады. Бірінші сынып оқушылары үшін 2022 жылғы 7-13 ақпан аралығында қосымша 7 күн каникул беріледі”, – делінді министрлік баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, Қазақстанда балаларды ковидке қарсы вакцинациялау жүргізіліп жатыр. Бүгінде Қазақстанда 20 мыңнан астам бала вакцина алған. Денсаулық сақтау саласының экс министрі Алексей Цой бұған дейін вакцина егу тек ата-аналардың жазбаша келісімімен жүргізілетінін мәлімдеген болатын.