Хабар

Әліппе, домбыра курсы және оқудың дәстүрлі форматы. Жаңа оқу жылының басты 8 ерекшелігі

Оқу жылы 1 сыныптарда – 33 оқу аптасынан, 2-11 (12)-сыныптарда 34 оқу аптасынан тұрады.

Бүгін 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталды. 7 мың астам мектеп 3,6 миллионнан астам оқушыны қабылдайды. Соның ішінде 380 мыңға жуық бірінші сынып оқушысы алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Осы орайда Informburo.kz жаңа оқу жылындағы басты 8 жаңалықты тізіп шықты.

Дәстүрлі оқу

Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталады. Алғашқы қоңырау тек 1-сынып оқушылары үшін өтеді. Жаңа оқу жылында сабақтың ұзақтығы – 45 минут.

Мектептерде оқу процесі қатаң түрде санитарлық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылады:

  • күнделікті термометрия, маска режимі, кварцтеу, желдету, залалсыздандыру;
  • бұқаралық және қоғамдық іс-шараларды шектеу;
  • бастауыш, орта, жоғары сыныптарды дәлізде араластырмау үшін әр уақыттағы үзілістер;
  • ауысымдар санын арттыру;
  • педагогтер мен мектептің басқа да қызметкерлерін 100% вакциналау (медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда);
  • мектептерде бір сыныпқа бір кабинеттен бекіту.

Бір оқушыдан коронавирус анықталса бүкіл сынып қашықтан оқыту форматына көшіріледі. Оқушының, студенттің ата-анасы немесе білім алушының өзі ауырып қалса, онда одан аурудың клиникалық белгілері мен симптомдары байқалмаса да білім ордасына кіргізілмейді.

Созылмалы аурумен ауыратын балалар медициналық ұйым анықтамасы болса және ата-аналарының өтініші негізінде асинхронды қашықтықтан оқи алады. Олар оқулықтармен, оқыту контенті бар ақпараттық жүйемен, электрондық журналмен қамтылады.

Оқу жылының аяғында 4 апта қосымша жазғы мектеп ұйымдастырылады.

Мектеп формасы міндетті емес

Жаңа оқу жылында мектеп формасы міндеттелмейді. Пандемияға дейін мектеп формасын кию міндетті болды. Бірақ былтыр министрлік оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі ыңғайлы киімде келуге рұқсат берді.
Министрлік бұл шешімді қабылдаған кезде ең бірінші эпидемиологиялық жағдайды ескерген. Екіншіден, кейбір отбасыларға уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу қосымша жүктеме болуы мүмкін. Ата-ана түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда баласын уақытша, келесі оқу жылына дейін мектепке классикалық стильдегі киіммен жібере алады.

Классикалық стильдегі киімнің түсі мен пішімі, матасы ұстамды және қатаңдау болғаны жөн. Сондай-ақ, киімнің үстіңгі бөлігін ашық түсті, ал төменгі бөлігін қаралау етіп таңдаған дұрыс.

Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі.

“Әліппе” оралды

Жаңа оқу жылында бес жыл үзілістен кейін “Әліппе” (“Букварь”) жаңа үлгіде мектеп бағдарламасына енгізіледі. Жаңа “Әліппе” Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде мемлекеттік стандратқа сай әзірленді.

Оқулық авторлары жаңа “Әліппедегі” әріптер мен ды­быс­тардың берілу реті басқа екенін, өзара тіркесіммен сөз жа­сау ерек­шелігіне қарай құрылғанын айтады. Сол се­беп­ті дыбыстар мен әріптерді үйретуге ұсы­нылатын сөздер мен суреттер, мәтіндер де әр­түрлі. А.Байтұрсынұлының “Әліппесіндегі” ескі сөз­дер мен су­рет­тер кездеспейді.

Алдымен дыбыстар, әріптер, содан кейін буындар мен сөздер оқытылады. “Әліппе” оқулығының көмегімен бірінші сынып оқушылары шағын мәтіндерді оқып, түсініп, қарапайым сөздер, сөйлемдер жазуды үйренеді.

Өткен сабаққа байланысты мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, жұмбақтар мен нақыл сөздер, түрлі танымдық тақпақтарды QR-код арқылы тыңдай алады. Кейбір ауыл мектептерінде қолжетімсіз болса, оған қосымша дискі бар.

Оқулықтар оқу жылының аяғында берілді

Қазақстан мектептерінің басым бөлігінде оқулықтар оқу жылы аяғында берілді. Бұл оқушылардың келер оқу жылында өз бетінше оқуына көмектесу мақсатында ұйымдастырылды.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 1-сынып оқулықтарымен, оның ішінде олардың тегін электрондық нұсқаларымен 100% қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. Оның сөзінше, өңірлерде аздаған проблемалар бар. Түркістан, Павлодар облыстарында 2-11 сынып оқушылары үшін қосымша сатып алу бойынша оқулықтардың жетіспеушілігі байқалады.

Домбыра курсы

Домбыра курсы бөлек пән емес. Бұл – 1-6 сыныптарға оқытылатын “Музыка” пәнінің мазмұны. Мұғалімдер мен материалдық база болған жағдайда 6-сынып оқушылары “Музыка” пәнінің мазмұнынан бұрынғы бағдарламамен оқу немесе домбыра туртуды үйрену курсы бойынша оқудың бірін таңдай алады.

Сондай-ақ, 5-11 сынып оқушылары үшін “Парасаттылық”, “Экология”, “Сыни ойлау және эмоциялық интеллект”, “Медиасауаттылық”, “Зайырлылық және дінтану негіздері”, “Кәсіпкерлік және бизнес негіздері” атты жаңа курстар енгізіледі. Оқушылар өзіне ұнағанын таңдауға құқылы.

Білім жетістіктеріне мониторинг енгізіледі

Жаңа оқу жылында оқушылардың білімдеріндегі олқылықтардың орнын толтыру бойынша жұмыс жүргізіледі. Үлгерімі төмен оқушылар үшін каникулдық онкүндік және жазғы мектептер бағдарламасын іске қосылады.

Оқу жетістіктерін сырттай бағалаудың (ОЖСБ) орнына білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингтеу (МОДБ) енгізіледі. Бұған дейін ОЖСБ функкционалдық сауаттылықты емес, пәндік білімді өлшеу арқылы жүргізілді.

МОДБ мемлекеттік бақылау нысаны емес, білім алушылар, оқытушылар мен білім беру ұйымдары үшін заңды салдары жоқ. ОЖСБ-мен басты айырмасы – мониторингке қатысушы білім беру ұйымдарымен кері байланыс жасау. Әрбір мектеп МОДБ қорытындысы бойынша білім алушылардың оқу жетістіктері туралы ақпарат және білім беру ұйымдарында оқыту мен оқытуды дамыту бойынша ұсынымдар алады.
Білім беру мониторингіне жалпы білім беретін мектептердің 4 және 9-сынып оқушылары қатысады. МОДБ қорытындысы халықаралық тәжірибені ескере отырып, білім алушылардың үлгеріміне критериалды талдау жүргізуге мүмкіндік береді.

“Алтын белгі” үміткерлеріне талап күшейеді

“Алтын белгі” үміткерлерінің әр тоқсандағы пәндер бойынша бағасы “5” болуы керек. Ал бұған дейін пәндер бойынша тек жылдық баға ескеріліп келген еді.

Биыл “Алтын белгі” үміткерлері үшін талаптарды күшейтудің екінші кезеңде жылдық бес бағамен қатар, үміткерлердің 5-11 сыныптардағы баға барлық тоқсандық бағаларда 5 болуы керек деген қағида енгізіледі. Түлектер үшін емтиханды тәуелсіз ұйым өткізеді.

Мектеп директорын тағайындаудың жаңа тәртібі

Мектеп директорының міндетін атқарушы болып енді үш айдан аспайтын және бір реттен артық емес мерзімде ғана істеуге болады. Осы кезеңде конкурс өткізіліп, жаңа басшы тағайындалуы керек. Мектеп директорының бос немесе уақытша бос лауазымына конкурс туралы хабарландыру бос орын пайда болғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде білім басқармасының ресми сайтында және аккаунтында орналастырылуы керек. Осылайша конкурс жарияламай-ақ, жылдар бойы директордың міндетін атқарушы болып жұмыс істеп жүре беруге енді жол берілмейді.

Ережеде директордың уақытша бос лауазымына (бала күтіміне байланысты демалыс, оқу және тағы басқа) тағайындау регламенттеледі. Мұндай жағдайларда да ұйым басшысы тікелей тағайындау емес, конкурс арқылы анықталады. Директор лауазымына конкурсты аудандық білім бөлімдері емес, облыстық білім басқармалары өткізеді.

Директорларға қойылатын талаптар:

  • міндетті түрде менеджмент курстарынан өтіп, тиісті сертификаттары болу;
  • жалпы педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 жыл болу;
  • үміткер тағайындалғанға дейін соңғы екі жыл білім беру саласында жұмыс істеу.

Тағы бір жаңалық – кадр резервін құру. Алғашқы екі кезеңнен сәтті өткен, бірақ білім басқармасында әңгімелесуден өтпеген кандидаттар енді бір жылға резервке алынуы мүмкін. Сондай-ақ, биылдан бастап директорларды ротациялау институты енгізіледі.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button