Хабар

Несиені уақытылы төлей алмасаңыз, не істеуге болады?

Қаржы ұйымы несие алушыға қарызын кешіктірген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде төлем жасау қажеттігі туралы хабарлайды.

Ресми өтініш жазу қажет

Банк не мкрокредиттік ұйым болсын, қарызыңызды уақытынан кешіктіріп жатсаңыз, 30 тәулікті өткізіп алмай, ресми өтініш жазу керек. Өтініште қарызды өтей алмау себебін көрсетіп, шарт талаптарын келесідей өзгертуді ұсынуға болады:

  • сыйақы мөлшерлемесінің төмендеуі;
  • қарыз валютасының өзгеруі;
  • негізгі борыш, сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;
  • берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін өзгерту;
  • шарттың қолданылу мерзімін өзгерту;
  • мерзімі өткен негізгі борышты, сыйақыны кешіру, айыпақыны жою.

Өтініш ресімделген соң смндетті түрде кіріс нөмірі бар өтінішіңіздің көшірмесін алыңыз. Қаржы ұйымы ұсынысты 15 күн ішінде қарайды. Кредитор сіздің ұсыныстарыңызбен келісуі не балама нұсқаларды қарауы, тіпті болмаса бас тартуы да мүмкін.

Есте ұстаңыз: банктер немесе микроқаржы ұйымдары қайта құрылымдау кезінде қарыз алушының әлеуметтік жағдайы, кірісінің төмендеуі, кепілдікк бір ғана тұрғын үйдің болуы, қарыз бойынша міндеттемелерді адал орындау сияқты факторларды ескеруге міндетті.

Қарыз алушы банкпен не микрокредиттік ұйыммен келісімге келмесе, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіне алады. Осы кезеңде кредитор халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкерлердің кепілге берілген мүлкін өндіріп алу рәсімін бастауға құқылы емес.

Неліктен міндетті түрде ресми өтініш беру керек? Реттеу шаралары неғұрлым ерте қабылданса, соғұрлым екі тарапқа да қолайлы болады. Қаржы ұйымына дер кезінде жүгіну қарыз алушының оң кредиттік тарихын сақтап қана қоймайды. Кредитордың іс-әрекеттеріне сотта одан әрі дау айтылған жағдайда да борышкердің бұл іс-әрекеттері оның пайдасына есептелуі мүмкін.

Әрбір жағдайды кредитор жеке тәртіппен қарайды. Қарыз алушыдан қаржылық жағдайы мен төлем қабілеттілігін сипаттайтын қосымша құжаттарды дайындауды сұрауы мүмкін. Осылайша нақты жағдай бойынша шешім қабылдау оңайырақ болады.

Қарыз алушы қандай істерден аулақ болуы керек?

Кредитордан жасырынудың қажеті жоқ. Төлемді кешіктірген күннен бастап отыз күнтізбелік күннен кешіктірмей қаржы ұйымы борышкерге кредитті өтеу үшін төлем енгізу қажеттілігі туралы хабарлайды. Хабарламада мерзімі кешіктірілген берешек мөлшері мен қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындамаудың салдары туралы жадынама көрсетіледі.

Қарыз алушы қаржы ұйымымен байланысқа шықпаса, онда қаржы ұйымы шартта жазылған келесідей санкцияларды қолдануға құқылы: өсімпұлдар, айыппұлдар есептеу немесе сотқа дейінгі өндіру процесін іске қосу. Берешекті өндіруге коллекторлық агенттік тартылуы мүмкін.

Коллекторлық агенттік қызметі жеке тұлғалардың қарыздары бойынша берешекті сотқа дейінгі өндіруге және реттеуге бағытталған. Қарыз коллекторлық агенттікке тапсырылса қарыз алушы қарызды өтеу немесе оның талаптарын өзгерту мәселелері бойынша тікелей агенттікке не қаржы ұйымына жүгінуге құқылы.

Кредитті төлемеудің 3 қаупі бар

Кредитор міндеттемелерді орындамағаны туралы ақпаратты кредиттік бюроларға жіберуге мәжбүр болады. Ақпарат сіздің кредиттік тарихыңызда көрсетіледі.
Кредит кепілді болса, онда қарыз алушының кепіл мүлкі сот арқылы немесе сотқа дейінгі тәртіпте сатылуы мүмкін.
Кредитор төлем талабын қоя алады (бұл шара шартта көзделсе) және борышкердің қосымша келісімінсіз белгілі бір сома борышкердің банктік шотынан есептен шығарылады. Бірақ бұл ретте жеке тұлғаның ағымдағы шотында сақталатын ақша сомасы заңнамалық тәртіппен белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінен кем болмауға тиіс.
Борышкер елден кете алмайды. Ол сот орындаушысының қаулысы бойынша шетелге шығуы шектелген азаматтардың тізіміне енуі мүмкін. Борышкердің Қазақстаннан шығуына уақытша шектеу туралы қаулыны сот санкциялауға тиіс. Сот санкциялағаннан кейін борышкер қаулының көшірмесін алады. Көшірме шекара қызметіне де жіберіледі, ол борышкерді базада қарыздың өтелгені расталғанға дейін шетелге шығармайды.

Сондықтан істі сотқа жеткізбеу үшін қарыздарды әрдайым жауы тастап, айыппұлдар, баждар, алимент және коммуналдық төлемдерді уақытында төлеген жөн. Кредит бойынша міндеттемелерді орындамау тең қарыз алушыға, кепілгерге елеулі әсер етеді, өйткені олар қарыз алушы сияқты қаржы ұйымдарының алдында жауапты болады.

(Материалды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынды)

informburo.kz

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button